Минск, 2025 жылғы 6 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында «Достастық» алаңында Ұлы Отан соғысы жылдарында Беларусь жерін неміс-фашистік басқыншылардан азат ету кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған монумент жанында еске алу митингі және гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Митингке Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің елшілері мен тұрақты өкілдері, ТМД Атқарушы комитетінің, ЕАЭО Сотының, Минск қаласы Партизан ауданы әкімшілігінің өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімге Елшіліктің дипломаттары отбасыларымен, қазақ диаспорасының өкілдері, Беларусьте оқитын қазақстандық курсанттар мен студенттер, орта мектептерінің оқушылары қатысты.
Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Тимур Жақсылықов өзінің құттықтау сөзінде қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына майданда және тылда қатысуы туралы айтты.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар ең қатал шайқастарда күресті. Соғыс жылдарында Қазақстанда 12 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық полктер мен басқа әскер тектерінің жеке батальондары жинақталды.
Қазақстандықтар ерлігінің дәлелі – бұл Қазақстаннан шыққан 500 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың 84-і осы жоғары атаққа Беларусьті азат еткені үшін ие болды.
Қазақстан соғыс жылдарында майданды қару-жарақпен, оқ-дәрілермен, отынмен, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ұлы Отан соғысы кезінде Қызыл армияның он оғының тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылды.
Қазақстанның 1 миллион 400 мыңға жуық ұлдары мен қыздары майданда соғысқан. Олардың жартысы адамзат тарихындағы ең қанды және қатыгез қақтығыста қайтыс болды.
Т. Жақсылықов жас ұрпаққа ортақ жеңістеріміздің тарихын білудің маңыздылығын, елдеріміздің патриотизмі мен достығын ерекше атап өтті.
ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенко Қазақстанның біздің ортақ жеңісімізге қосқан елеулі үлесін және қазақстандық жауынгерлердің ерлігін белорус халқы ризашылықпен еске алатын айтты.
Беларусьті азат ету кезінде қазақстандық жауынгерлердің көрсеткен ерлігі мен батылдығын атай отырып, Минск қаласының Партизан ауданы Әкімшілігінің Басшысы Николай Поляков «Ұлы Жеңіс біздің елдер тарихының ажырамас бөлігі және бүкіл әлем үшін маңызды сабақ болды. Бұл шындықты біз әрқашан есте ұстауымыз керек» – деді.