Вашингтон, 2025 жылғы 3 мамыр – Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі жыл сайын өтетін «Passport DC» халықаралық фестиваліне қатысып, 4000-нан астам қонаққа есігін айқара ашып, еліміздің бай мәдени мұрасын таныстырды.
Іс-шара аясында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрлеріне негізделген ерекше атмосфераны сезіне алды. Елшілік аумағында дәстүрлі көшпелі сәулетке сай безендірілген киіз үй тігілді. Қонақтарды ұлттық киімдегі домбырашылар қарсы алып, күмбірлеген күйлер орындады. Мәдени бағдарлама ұлттық әндер мен билермен толықтырылып, америкалық көпшілік тарапынан үлкен қызығушылық пен жылы қабылдауға ие болды.
Шарада қазақ халқының дәстүрлі салт-жораларына да ерекше көңіл бөлінді. Елшілік келіннің бетін ашу дәстүрі, ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген ежелгі «Беташар» рәсімін көрсетті. Сонымен қатар болашақ жар таңдаудың маңызды рәсімі саналатын «Сырға салу» дәстүрі де таныстырылды.
Елшілікте ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынылып, қолөнер туындылары, Қазақстанның инвестициялық және туристік әлеуеті туралы ақпарат қойылды. Елшілік қызметкерлері еліміздің тарихы, мәдени ерекшеліктері және қазіргі даму бағыттары бойынша тақырыптық таныстырылымдар өткізді.
Қазақстан әлемнің 70-тен астам мемлекетімен бірге «Passport DC» фестиваліне қатысып, Вашингтон қаласындағы дипломатиялық корпустың халықаралық мәдени әртүрлілігін насихаттауға өз үлесін қосты.