Болгария Сыртқы істер министрлігінде қазақ-болгар ынтымақтастығын дамыту перспективалары талқыланды

Болгария Сыртқы істер министрлігінде қазақ-болгар ынтымақтастығын дамыту перспективалары талқыланды

София, 2025 жылғы 29 сәуір – Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев Болгария Сыртқы істер министрінің орынбасары Елена Шекерлетовамен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен олардың даму перспективаларына кеңінен тоқталып, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, соның ішінде «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммитінің (2025 жылғы 4 сәуір, Самарқанд қаласы) қорытындылары жөнінде пікір алмасты.

Ағымдағы жылы биік және жоғары деңгейлерде жоспарланған іс-шаралар кестесіне ерекше назар аудара отырып, тараптар саяси диалогтың жоғары қарқынын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте, болгар тарапы ҚР мен ЕО арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастардың жүйелі дамуына, соның ішінде визалық режимді жеңілдету мәселесі бойынша қолғабыс көрсетуге дайындығын білдірді.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты талқылау барысында тараптар екіжақты тауар айналымының өткен жылы төрт есеге өскеніне (375 млн АҚШ доллары), сондай-ақ Қазақстанның үстіміздегі жылы Болгарияның Еуроодаққа кірмейтін үш ірі импорттаушы мемлекеттерінің қатарына кіргеніне қанағаттанушылық білдірді.

Осы тұрғыда, ү.ж. мамыр айының соңында өткізілуі жоспарланған Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысын мазмұндық жағынан толықтыру қажеттілігі ерекше аталып өтті. Ең алдымен, бұл энергетика, соның ішінде жасыл күн тәртібі, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қамтиды.

Кездесу соңында сұхбаттастар жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмыс байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.