
Елгава, 2025 жылдың 29 сәуірі – Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов елдің маңызды өнеркәсіптік орталығы – Елгава қаласында жұмыс сапармен болды.
Елгава қалалық думасының төрағасы Андрис Равиньшпен кездесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты орнату бойынша ұсыныстармен бөлісті.
Бұдан бөлек қазақ дипломаты еліміздегі негізгі саяси және экономикалық жағдайлар туралы хабарлады. Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалға назар аудара отырып, латвиялық компанияларды көлік-логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, IT секторындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысуға шақырды. Осы тұрғыда аталған өңірде Қазақстан Республикасының Құрметті консулын тағайындау мәселесі талқыланды.
Өз кезегінде А. Равиньш Қазақстанмен ынтымақтастық кеңейтуге деген қызығушылығын айта отырып, қазақстандық бизнеске ықпал етуге дайындығын білдірді.
Сапар барысында Елші Елгава технологиялық орта мектебіне және «Jelgavas komunālie pakalpojumi» қалдықтарды қайта өңдеу және басқару кәсіпорнына барды.