Волгоград, 2025 жылғы 28 сәуір – Волгоградта Қазақстан Республикасының Құрметті Консулы кеңсесінің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға жергілікті билік органдарының, іскер топтардың, жұртшылықтың, өңірдегі қазақ қауымының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев өзінің құттықтау сөзінде бұл оқиғаны өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетуге, экономикалық, мәдени, гуманитарлық және білім беру байланыстарын кеңейтуге бағытталған маңызды және уақтылы қадам деп атады. «Волгоград облысы мен Қазақстанның ортақ шекарасының ұзындығы 260 км құрайды, бұл тек география ғана емес, сонымен қатар мүмкіндіктер көпірі», – деп атап өтті Елші. Ол аймақ басшылығына ұйымдастырушылық көмек көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Құрметті консулдықтың жұмысының арқасында екіжақты өзара іс-қимыл және бірлескен жобаларды іске асыру жаңа серпін алатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Волгоград облысының Аумақтық құру, ішкі және ақпараттық саясат істері жөніндегі комитетінің төрағасы Михаил Битюцкий кеңсенің ашылуын ғасырлар бойы тату көршіліктің, өзара көмек пен бірлескен дамудың заңды нәтижесі деп атады. Ол Волгоград облысы көршілес Батыс Қазақстан облысымен өңіраралық және муниципалитетаралық деңгейде қарым-қатынасты дамытып келе жатқанын атап өтті. Шенеунік бүгінгі іс-шара екі мемлекет халықтарының игілігі үшін тату көршілік қатынастарды одан әрі дамытуға елеулі серпін болатынына сенім білдірді.
Құрметті Консул болып волгоградтық кәсіпкер, қалалық Думаның бұрынғы депутаты Василий Кияев тағайындалды. Ол өзіне сенім білдіргені үшін екі елдің, Волгоград облысының басшылығына ризашылығын білдіріп, тату көршілік қатынастарды дамытуға бар күшін салуға уәде берді. Ол қиын жағдайларды шешуде Қазақстан азаматтары кеңседе әрдайым қажетті көмек ала алатынын айтып өтті.