Түркиядағы қазақ жастары бірлік пен салауатты өмір салтын таңдайды

Түркиядағы қазақ жастары бірлік пен салауатты өмір салтын таңдайды

Бартын, 2025 жылғы 27 сәуір – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Ыстанбұл, Анталия және Измир қалаларындағы Бас консулдықтарының ұйымдастыруымен 2025 жылғы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, Түркияда білім алып жатқан қазақ студенттері арасында волейбол жарысы ұйымдастырылды. Бұл спорттық шара жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, достық қарым-қатынасты нығайту және отансүйгіштік рухты арттыру мақсатында өтті.

Жарысқа Түркияның әртүрлі қалаларында оқитын студенттер қатысып, өзара командалық рух пен бірлік танытты. Іс-шара студенттерге тек спорттық бәсекелестік алаңы ғана емес, сонымен қатар ортақ мәдени құндылықтар мен ұлттық мерекелерді бірге атап өтудің тамаша мүмкіндігін ұсынды.

Сондай-ақ іс-шараға Бартын провенциясының губернаторы Нуртач Арслан, облыстық полиция департаментінің басшысы Юнсал Хаял, облыстық жандармерия қолбасшысы Мехмет Байкал және Бартын университетінің ректоры Орхан Узун қатысып, өз сөздерінде бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуда осындай іс-шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Турнир соңында үздік ойыншылар мен командалар марапатталып, оларға алғыс хаттар табысталды.

Іс-шара қазақ жастарының шетелде бірлік пен ынтымақтастықты нығайта отырып, денсаулық пен белсенді өмір сүруді қолдайтын игі бастамалардың бірі ретінде жоғары бағаланды.