Афина, 2025 жылғы 2 сәуір – Грекиядағы Қазақстан Елшісі Тимур Сұлтанғожин «Hellenic Development Bank of Investments» (HDBI) бас атқарушы директоры Антигони Лимперопулумен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Грекия арасындағы экономикалық және технологиялық ынтымақтастықтың перспективалары, соның ішінде венчурлық инвестициялар мәселелері, IT индустрияны дамытуға бағытталған бірлескен бастамалар, сондай-ақ инновацияларды қаржыландыру тәжірибесімен алмасу талқыланды.
Қазақ дипломаты еліміздегі IT секторын дамытудың басым маңызына назар аударып, стартаптар экожүйесін қолайлы етуге, IT экспортын кеңейтуге және финтехті дамытуға бағытталған күш-жігерді ерекше атап өтті. Бұл бағытта Қазақстан айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, цифрлық қаржы технологияларын енгізуде және финтех-компаниялардың өсу саны бойынша өңірлік көшбасшы позицияға ие болды.
Сондай-ақ ол «Astana Hub», «Alem.AI», АХҚО (AIFC) және «Neo Nomad Visa» сынды бастамалардың маңызды рөлін атап өтіп, олардың халықаралық компаниялар мен стартаптарды тартуда, Қазақстанның технологиялық нарығын кеңейтуде және инновацияларды ілгерілетуде негізгі құралдарға айналғанын тілге тиек етті. Елші бұл жобалар кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін ерекше мүмкіндіктер ашатынын, қазақстандық стартаптардың жаһандық нарықтарға шығуын жеңілдететінін, шетелдік мамандардың келуіне жағдай жасайтынын және елдегі озық технологиялардың дамуына ықпал ететінін баса айтты.
Тараптар Қазақстан мен Грекияда өтетін салалық форумдар мен конференцияларға қатысу, халықаралық сарапшыларды тарту және инновация саласындағы стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелері бойынша өзара қызығушылық білдірді. Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) негізінде жұмыс істейтін Венчурлық инвестициялар қорлардың қоры (Qazaqstan Venture Group) қызметі бойынша тәжірибе алмасу тақырыбына ерекше назар аударылды.
Грек инвестициялық даму банкі (HDBI) кәсіпкерлікті және орнықты экономикалық өсімді қолдауға бағытталған жобаларға инвестиция салады. HDBI портфелі 2 млрд еуродан асады және инновациялар мен технологиялар сияқты түрлі секторларды қамтиды.