Афины, 2025 жылғы 18 наурыз – Афины қаласының тарихи орталығында, Акрополь етегінде қазақ халқының ең маңызды мейрамдарының бірі – табиғаттың жаңаруын, достық пен бірлікті бейнелейтін Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталған шара Қазақстанның Грекиядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қарсы алды.
Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин өз сөзінде биылғы мерекенің жаңартылған форматта өткенін атап өтті. Ол ұлттық бірегейлік нышандарын кеңінен насихаттаудың маңыздылығын және олардың халықтың мәдени тамырларына оралуында ерекше рөл атқаратынын баса айтты.
Мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі дәстүрлі қазақ дастарханы болды. Қонақтар бауырсақ және басқа да ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ халқының бай аспаздық мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстаннан келген студенттер домбырамен халық күйлерін орындап, мерекенің ерекше әрі шынайы атмосферасын қалыптастырды.
Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық қазақ киімдерінің көрмесі ұйымдастырылды, оған қазақстандықтармен қатар Италия, АҚШ, Иран, Қытай, Түркия және басқа да елдерден келген қонақтар қатысты. Қатысушылар дәстүрлі қазақ киімдерін киіп көріп, Ұлы Даланың бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша, Наурызды әлем бойынша 300 миллионға жуық адам атап өтеді. Бұл мейрам көптеген елдерде мемлекеттік мәртебеге ие және 2010 жылдан бері оны сақтау мен дамыту мақсатында халықаралық деңгейде БҰҰ-ның Наурыз күні деп жарияланды.