
Сеул, 2025 жылғы 7 наурыз – Корея Республикасының астанасында Әлемдік ақылды және тұрақты қалалар ұйымының (WeGO) 2025 жылғы жұмысын бастау рәсімі өтті. Іс-шараға 50-ден астам қатысушы, оның ішінде дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері және тұрақты қалалық даму мен технологиялар саласындағы сарапшылар жиналды.
Қазақстанның Елшісі Нургали Арыстанов «WeGO»-дың Атқарушы Вице-Президент қаласы болып табылатын Алматының атынан сөз сөйлей отырып, ақылды және тұрақты қалалар саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Ол Алматының қаржылық, логистикалық және көлік хабына айналып келе жатқанын айтты. Осы мәртебенің арқасында қалада халықаралық ұйымдардың жаңа кеңселері ашылып, халықаралық рейстер саны артып келеді. Атап айтқанда, 2024 жылғы қыркүйекте Алматыда Орталық Азияға арналған «WeGO»-дың өңірлік кеңсесі ашылып, ұйымның Атқарушы комитетінің отырысы сәтті өткізілді. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша БҰҰ өңірлік орталығын құру туралы қарарды бір ауыздан қабылдады.
Алматы мен Сеул арасында «Air Astana» мен «Asiana Airlines» авиакомпаниялары тікелей рейстерді тұрақты түрде жүзеге асыруда. Сонымен қатар 2025 жылғы 7 сәуірден бастап Оңтүстік Кореяның «Eastar Jet» авиакомпаниясы Сеулден Алматыға екі жаңа тікелей рейс ашып, екі ел арасындағы саяхаттарды одан әрі қолайлы әрі қолжетімді етеді.
«2023 жылы Алматы «WeGO»-дың «Seoul Smart City Prize» марапаты бойынша қола жүлдегер атанды. Бұл – қаланың тұрақты даму үшін инновациялық шешімдер саласындағы күш-жігерін мойындаудың белгісі. Осы жетістік нәтижесінде қаланың өкілдері энергетика, көлік, денсаулық сақтау және қауіпсіздік саласындағы технологияларды пайдалану бойынша кең көлемдегі оқыту бағдарламасына қатысты», – деп мәлімдеді Н. Арыстанов.
Қазіргі уақытта қалалардың халықаралық дипломатиядағы рөлі қарқынды түрде артып жатқанын атап өту жөн. Қазақстан «WeGO»-дың негізін қалаушылардың бірі (Астана, 2010 жыл) және белсенді қатысушысы (Алматы, 2021 жылдан бері) ретінде, цифрлық трансформация, инновациялар және ақылды қалалар дамуы үшін жасанды интеллектті қолдану сияқты бағыттарда ұйым аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын.