Бангкок, 2024 жылғы 30 қазан – Қазақстанның Таиландтағы Елшілігі Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) және Қазақстанның транзиттік әлеуеті тақырыбы бойынша семинар өткізді. Іс-шараға Таиландтың Сыртқы істер министрлігі мен ғылыми топтардың өкілдері, сондай-ақ компания басшылары мен логистика сарапшылары қатысты.
Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Арман Исетов Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы Қазақстанның стратегиялық орналасуын атап өтіп, семинарды ашты. «Қазақстан Еуразиялық субконтиненттің географиялық орталығы ретінде сауда мен мәдени алмасуда тарихи маңызды рөл атқарды. ХХІ ғасырда Қазақстан айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бүгінгі таңда 11 транзиттік дәліз еліміздің аумағы арқылы өтеді және олардың ең бастысы – Транскаспий халықаралық көлік бағыты», – деді Елші.
Іс-шара барысында халықаралық ұйымдардың бағалаулары аталды. Дүниежүзілік банктің 2023 жылғы есебіне сәйкес Орта дәліз 2030 жылға қарай Қытай мен Еуропа арасындағы жол жүру уақытын екі есеге қысқартып, сәйкесінше транзит көлемі үш есеге артып, жылына 11 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. БҰҰ АТМЭӘК аналитикалық жазбасында (2023 ж.) Орта дәліз және 2021 жылғы желтоқсанда іске қосылған ҚХР мен Лаос арасындағы теміржол байланысы Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы сауданың өсуіне ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар семинарда салалық сарапшылар, соның ішінде «Rhenus Logistics» және «Kazakh Thai Alliance» компаниялардың өкілдері баяндама жасап, Таиланд пен Қазақстан арасындағы жүктерді тасымалдау туралы айтты. Пікірталастар логистикалық тиімділік пен экономикалық өсу әлеуетіне бағытталды.
Іс-шара құнды байланыстар орнатуға және әлеуетті ынтымақтастықты зерттеуге мүмкіндік беретін байланыс орнату сессиясымен аяқталды.