Вена, 2024 жылғы 26 шілде – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) алаңында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсесінің басшысы Фолькер Фробарт Ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдерін Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайы туралы хабардар етті.
«Шырақ» мүмкіндігі шектеулі әйелдер қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі болып табылатын сенатор Л. Қалтаева елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау және ілгерілету бойынша жүргізіліп жатқан жетістіктер туралы баяндама ұсынды.
«Парламенттегі әйелдерге, жастарға және мүгедектерге арналған 30 пайыздық квота туралы заң 2023 жылы қабылданды. Бұл Қазақстан үшін мүгедек адамдардың биліктің заң шығарушы және өкілді тармақтарына келгені үшін үлкен қадам. Бүгін Мәжілісте мүгедектігі бар жеті адам, ал мәслихаттарда 71 адам бар», – деп атап өтті сенатор.
Ф. Фробарт қатысушыларды ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалық кеңсесі ұйымдастыратын мүгедектігі бар адамдардың елдің саяси өміріне елеулі және белсенді қатысуына жәрдемдесуге бағытталған іс-шаралар мен жобалар туралы хабардар етті. Олардың қатарында – сайлау процестерінің инклюзивтілігін көтермелеу бойынша тренингтер ұйымдастыру, БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының қазақ және орыс тілдеріндегі оқуға ыңғайлы нұсқасын әрі «сайлау учаскелерін жабдықтауға қойылатын минималды талаптар» брошюрасын шығару, сондай-ақ Қазақстан Конституциясының Брайль шрифтімен транскрипциясын жасау мен оны басып шығару.
Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау мен ілгерілетуді қоса алғанда, әділ қоғам құруға бағытталған жан-жақты реформалар мен бастамаларды іске асырудағы қолдауы үшін ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалық кеңсесіне алғысын білдірді.