Сауд Арабиясының даму қорының (SFD) басшысымен экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Сауд Арабиясының даму қорының (SFD) басшысымен экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Ар-Рияд, 2024 жылғы 24 шілде – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Сауд Арабиясының даму қорының (SFD) Бас директоры Сұлтан Әл-Маршадпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, исламдық қаржыландыру, Қазақстанда бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

М. Меңілбеков сұхбаттасын Қазақстанның кешенді ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының негізгі бағыттарымен, оның ішінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі инвестициялық ахуалды және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа саяси векторының негізгі аспектілерімен таныстырды.

Елші SFD қорының басшысына 2024 жылдың қыркүйек айының басында Астана қаласында өтетін Араб үйлестіру тобының дөңгелек үстеліне қатысу үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың атынан шақыру хатты табыстады.

Сауд Арабиясының даму қоры – ең ірі саудтық қаржы институттарының бірі, аталған қордың есебінен Қазақстанда бірқатар маңызды инфрақұрылымдық нысандар, оның ішінде «Астана-Қарағанды» автожолының құрылысы іске асырылған болатын.