
Кишинев, 2024 жылғы 10 маусым – Кишиневте «Қазақстандағы инвестициялық және экономикалық реформалар: Қазақстан-Молдова бизнесі үшін мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Молдова Парламентінің депутаттары, Үкімет мүшелері, іскер және академиялық топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Қазақстанның Молдовадағы Елшісі Алмат Айдарбеков елімізде инвестициялық және экономикалық салаларда жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мен реформалар туралы айтып берді.
Атап айтқанда, қазақстандық дипломат аудиторияны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ биыл ақпанда Үкімет алдында қойған негізгі міндеттер туралы хабардар етті.
Қазақстандық реформалар аясында Астана мен Кишинев арасындағы қарым-қатынастардың болашағына ерекше назар аударылды.
Елші молдовалық әріптестердің Астанада Елшілік ашу ниетін құптай отырып, бұл екіжақты байланыстарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
Сондай-ақ, қазақстандық дипломат екіжақты экономикалық өзара іс-қимылды дамыту тетіктерін одан әрі институттандыру үшін Қазақстанның Құрметті консулдарымен бірлесе Қазақстан-Молдова бизнес кеңесін іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұнымен қоса, Елші Бельц қаласында жаңа Құрметті консулдың тағайындалуы туралы хабарлады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Молдова азаматтарының Қазақстанға деген қызығушылығы байқалуда. Мәселен, биыл Молдова алғаш рет азаматтары ҚР-ға жиі кіретін 10 елдің қатарына енді. Жыл басынан бері елімізге әртүрлі мақсаттар, соның ішінде бизнес бойынша 3000 мыңнан астам Молдова азаматтары кірді.
Бұған Қазақстанда тұратын және біздің елдеріміз арасындағы «достық көпірі» саналатын 50 мыңға жуық молдовалық диаспорасы да ықпал етуде.
Молдова Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі министрі, Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Владимир Боля екіжақты сауданың үдемелі дамып отырғанын атап өтті. Қазақстан мен Молдова арасындағы ауыл шаруашылығы және туризм саласындағы ынтымақтастық әлеуетінің бар екендігіне назар аударды. 2025 жылы үкіметаралық кеңестің кезекті отырысын өткізуге үміт білдірді.
Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Серджиу Харя екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өткізуді ұсына отырып, өзара сауда миссияларын ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара жергілікті бизнес өкілдерінің қызығушылығын тудырды.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлегендер ауыл шаруашылығы, туризм және IT- салаларындағы қатынастардың әлеуеті бар екенін атап өтті.