
Ар-Рияд, 2024 жылғы 29 мамыр – Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Ар-Рияд қаласында «Орталық Азия – Шығанақ елдері ынтымақтастығы кеңесі мемлекеттері» диалог форматына қатысушы елдердің алғашқы инвестициялық форумы өтті.
Іс-шараға АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров, ҚР-дың САК-тағы Елшісі Мадияр Меңілбеков, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Әбішева, ҚР-САК Іскерлік кеңесінің тең төрағасы – «Greywolf» ЖШС Бас директоры Қанат Құдайберген, «Kazakhstan Investment Development Fund» АҚ (KIDF) бас директоры Марат Төлебаев, Қазақстанның Дубай қаласындағы Іскерлік кеңесінің төрағасы Дәулет Жұмабай, сондай-ақ «White hill capital», «Tumar Venture Fund», «KMG PetroChem», «AQS limited», «Pro-IT Qazaqstan» және т.б. 20-дан астам қазақстандық компаниялардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Р. Бектұров «Орталық Азия – Шығанақ елдері ынтымақтастығы кеңесі мемлекеттері» форумының министрлік кездесуінде сөйлеген сөзінде екі өңірдің мемлекеттік және жеке секторлары арасындағы ынтымақтастықты жандандырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге Қазақстанмен сауда-экономикалық қатынастарды нығайту үшін Шығанақ елдері нарығының орасан зор әлеуетіне, инвестициялық серіктестікті кеңейтудің үлкен мүмкіндіктері жеткілікті екеніне назар аударды.
Қазақстандық делегация басшысы ОА және Шығанақ елдерінің жасыл энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік және логистика, тау-кен өнеркәсібі, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, қаржы және туризм сияқты экономика салаларындағы байланыстарды одан әрі тереңдету үшін елеулі қауқары бар екенін айтты.
Бұл ретте, министрлік кездесуде ОА және Шығанақ елдерінің мемлекеттік органдары мен іскер топтарының басқа да өкілдері экономикалық және инвестициялық ұсыныстармен сөз сөйледі, олар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ әртүрлі салалардағы стратегиялық маңызды жобаларды іске асыру жолдарын талқылады.
Форумға қатысушылар үшін келесі бағыттар бойынша жеке тақырыптық панельдік сессиялар ұйымдастырылды: ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі, тау-кен саласы және металл өндіру, жаңартылмалы және жасыл энергетика, инфрақұрылым және даму. Қазақстандық компаниялар осы сессияларға белсенді қатысып қана қоймай, ОА және Шығанақ елдерінің бизнес-қауымдастығымен практикалық келіссөздер өткізді. Әлеуетті инвесторларға еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау шаралары және инвестицияларды тарту бойынша жұмыста қолданылатын жаңа тәсілдер таныстырылды.
Форум аясында АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұровтың САК Инвестициялар министрі Халид әл-Фалихпен кездесуі өтті. АХҚО басшысы әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан, Астана мен Ар-Риядтың жан-жақты қарым-қатынастары белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Мұның берік негізі екі елдің іскер топтарының ынтымақтастықты нақты өзара тиімді алаңға шығаруға мүдделі. Саудтық компаниялар бірлескен кәсіпорындар құра отырып, еліміздің әлеуетін зерделеу үшін Қазақстанға шақырылды.
Өз кезегінде, Халид әл-Фалих Корольдік басшылығының Орталық Азия өңірінің көшбасшысы ретінде қарастырылып отырған Қазақстанмен түрлі қатынастарды нығайтуға деген жоғары қызығушылығын атап өтті. «Қазақстан – аумағы үлкен, табиғи ресурстардың мол қоры және адами капиталы жоғары ірі ел. Сауд Арабиясы, Қазақстан сияқты, бүгінде өз экономикасын әртараптандыруға ұмтылуда және елдің инвестициялық әлеуетін кеңейтуге мүдделі және осы тұрғыда АХҚО-ның шетелдік капиталды тартудағы бірегей тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырады», – деп мәлімдеді сауд министрі.
Сонымен қатар, АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров Сауд Даму Қорының (SFD) Бас директоры Сұлтан Әл-Маршадпен және Saudi Eximbank Бас директорының орынбасары Хусайб Әл-Хосейнимен екіжақты келіссөздер жүргізді, онда инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, исламдық қаржыландыру, Қазақстанда бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.