София, 2024 жылғы 27 мамыр – Қазақстанның Болгариядағы Елшілігінің бастамасымен Satbayev University және София Техникалық университетімен бірлесе отырып, көрнекті қазақ ғалымы, геологы, академигі, отандық металлогеника ғылымының негізін қалаушылардың бірі және қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай онлайн форматта халықаралық конференция ұйымдастырылды.
Іс-шараға Satbayev University, София Техникалық университетінің басшылығы, Қаныш Сәтбаевтың немересі Ғани Сәтбаев, екі ел университеттерінің профессорлық-оқытушылық құрамының және ғылыми зиялы қауымның өкілдері қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде Satbayev University бірінші проректоры Самғат Ермекбаев Қ. Сәтбаевтың өмірі, еңбек жолы және қосқан үлесі туралы жан-жақты айтып берді, сондай-ақ қазақ халқы мен Қазақстан тарихында академик Қ. Сәтбаев жер қойнауы құпияларының феноменалды көрегені, көрнекті ғалым, геолог, ғылымды ұйымдастырушы, ойшыл және жаратылыстанушы болғанын атап өтті. Қазақстандық жоғары оқу орнының өкілі Қ. Сәтбаевтың белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан өнеркәсібінің үдемелі дамуына елеулі үлес қосқан ғылыми ортадағы маңызды тұлға екенін атап өтті.
Конференцияда София Техникалық университетінің проректоры Лидия Гылыбова өзінің құттықтау сөзін айтып, бүгінгі еске алу іс-шарасын бірлесіп өткізілетін жақсы дәстүрді сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ Қ. Сәтбаевтың қазақстандық металлогендік ғылым мен геологияны дамытуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.
Сонымен қатар, академиктің немересі Ғ. Сәтбаев есінде мәңгі сақталған атасы туралы керемет өткізілген уақыт пен отбасылық өмірдің қызықты сәттері жөніндегі естеліктерімен бөлісті.
Іс-шараның екінші бөлімінде Satbayev University және София Техникалық университетінің өкілдері ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және өзара тиімді серіктестіктің келешегін талқылады. Тараптар өз ЖОО туралы презентацияларды өткізіп, содан кейін өндіріс үшін инновациялық жобалар саласындағы ғалымдардың өзара іс-қимылынан бастап, студенттермен алмасуға және екі елдің мәдениеттерінің өзара енуіне дейінгі қысқа және ұзақ мерзімді перспективада болашақ ынтымақтастықтың форматтарын талқылады.
София Техникалық университеті 1945 жылы 15 қазанда ашылып, Болгариядағы ағылшын, француз және неміс тілдерінде техникалық мамандықтарды оқыту процесін жүзеге асыратын техникалық бейінді ең ірі жоғары оқу орыны. ЖОО-да оқитын студенттердің жалпы саны 10 мыңға жуық, олардың 10% шетелдіктер. СТУ Франция, Германия және Ұлыбритания университеттерімен студенттер мен оқытушылар алмасудың халықаралық бағдарламаларына белсенді қатысады.