Сиань, 2024 жылғы 19 мамыр – Сиань қаласында «Орталық Азия – Қытай» саммитінің бір жылдық мерейтойына арналған семинар өтіп, оған Шэньси провинциясы губернаторының орынбасары Чэнь Чуньцзян, Сиань қаласы әкімінің орынбасары Лу Лайшэн, «ОА–Қытай» форумы хатшылығының атқарушы директоры У Инцинь және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Қазақстан тарапын ҚР Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев өкілдік етті.
Іс-шара шеңберінде саммиттің мерейтойына орай Сиань қаласы парткомының хатшысы Фан Хунвэй және қала мэрі Е Нюпин Орталық Азия елдері халықтарының саябағы мен мәдени орталығын ашты.
Ж.Қыраубаев өз сөзінде саммит пен мемлекет көшбасшыларының кездесуін өткізудің қысқа мерзіміне қарамастан, қол жеткізілген уағдаластықтар жоспарлы түрде іске асырылып, оң нәтижелер көрсетіп отырғанын атап өтті.
Ол сондай-ақ бәсекеге қабілетті бағыттарға инвестициялар мен білімді жинақтауда, өндірісті дамытуда және қажетті кадрларды даярлауда форматтың орасан зор мүмкіндіктерін тиімді пайдалану перспективаларына назар аударды.
Сонымен бірге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында Сиань қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ресми түрде ашылғаны аталып өтті. Қазақстан Ұлы Жібек жолының бастауында осы өңірдегі ТМД елдері арасында өзінің дипломатиялық өкілдігін аккредиттеген алғашқы мемлекет болды.
Соңында Ж.Қыраубаев іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Хатшылық жұмысының мақсаттары мен міндеттері осы форумға мүше барлық елдердің ортақ экономикалық мүдделеріне қызмет ететініне сенім білдірді.