Канаданың Парламенті Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі

Канаданың Парламенті Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі

Оттава, 2024 жылғы 18 сәуір – Канаданың Парламентінде Қазақстан мен Канада арасындағы Парламентаралық достық тобының жыл сайынғы отырысы өтті.

Іс-шара басында Канада парламентінің мүшелері еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алған ірі су тасқынына байланысты Қазақстанға қолдауын білдіріп, табиғи апат пен оның зардаптарымен күресудегі Қазақстан билігінің іс-әрекетін жоғары бағалады.

Канадалық парламентшілер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды демократиялық реформалар жүргізу, оның ішінде адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігінің қағидаттарын қамтамасыз ету саласындағы саясатын қолдады. Осы бағытта заң шығарушылар ү.ж. 15 сәуірде тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы жазаларды қатайтуға бағытталған заңдар пакетін қабылданғанын құптады.

Отырыс барысында Қазақстан-Канада қарым-қатынастарын, сондай-ақ екі ел арасындағы парламенттік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Канадалық парламентшілер екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және логистика, цифрлық технологиялар мен білім беру салаларындағы жан-жақты ілгерілетуге көмек көрсетуге дайындығын білдірді.

Іс-шара нәтижесінде 2024 жылы ішінде канадалық парламенттік делегацияның Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.