Жидда радиосы Қазақстанмен байланыс орнатуға қызығушылық танытуда

Жидда радиосы Қазақстанмен байланыс орнатуға қызығушылық танытуда

Жидда, 2024 жылғы 17 сәуір – Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы (САК), Қазақстан Республикасы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Руслан Қоспанов Жидда радиокешенінің (Жидда радиосы) Бас директоры Әли Ахмед әл-Қасиммен және кешен менеджментімен кездесу өткізді.

Радиокешенінің Бас директоры Тұрақты өкілінің орынбасарына Жидда радиосы жұмысының негізгі қағидаттарымен және тыңдаушыларының санын ұлғайтуды көздейтін жаңа бағдарламалары мен жобаларымен таныстырды.

Өз кезегінде, Бас консул Ә. әл-Қасимға кездесуді ұйымдастырғаны және радиокешеннің жұмыс үрдісімен таныстырғаны үшін алғысын білдірді. Қазақстандық дипломат сонымен қатар жергілікті радио тыңдаушылар арасында қазақстандық мәдениетті одан әрі дәріптеу мақсатында Жидда радиосымен тығыз байланыс орнатуға мүдделілігін атап өтті.

Осы тұрғыда Р. Қоспанов жыл сайын маусым және шілде айларында Қазақстанда Мемлекеттік рәміздері күні, сондай-ақ Домбыра күні кеңінен атап өтілетінін айтты. Ол Сауд Арабиясының радио тыңдаушыларын қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, мәдениеті, тарихы туралы ақпараттандыру Қазақстан мен Корольдік арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат сұхбаттасушыға ҚР басшылығының әлеуметтік-экономикалық салада жүргізіп жатқан шаралары мен реформалары туралы атап өтіп, оның мақсаты ел азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту екенін баяндады.

Кездесу соңында тараптар бірлескен іс-шараларға қатысу арқылы өзара іс-қимылды қолдауға, сондай-ақ Жидда радиосында ықтимал трансляциялау үшін ҚР-дағы естелік оқиғалар мен даталар туралы ақпаратты алдын ала ұсынуға келісті.

Жидда радиосы Мекке аймағындағы орталық хабар тарату арнасы болып, Сауд Арабиясының Хабар тарату агенттігінің (Saudi Broadcasting Agency, SBA) құрамына кіреді. Жалпы аудиториясы 5 миллион тыңдаушыдан тұратын САК-тің батыс, Мекке аймақтарын қамтиды. Онда 18-ге жуық тақырыптық арналары бар (жаңалықтар, қасиетті Құран арнасы, ойын-сауық, спорт және т.б.), олар тікелей эфирде де, жазбаша да хабар таратады. Араб, ағылшын, урду, түрік, бангали, бахас және басқа тілдердегі жаңалық арналары бар.