Түркі мемлекеттері ұйымының Будапешттегі кеңсесінде Наурыз мейрамы өтті

Түркі мемлекеттері ұйымының Будапешттегі кеңсесінде Наурыз мейрамы өтті

Будапешт, 2024 жылғы 17 сәуір – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Түркі мемлекеттері ұйымының Будапешттегі кеңсесі ұйымдастырған Наурыз мейрамын атап өту іс-шарасына қатысты.

Барлық түркі халықтарына ортақ, жаңарудың символы саналатын Наурыз мейрамын атап өтуге қатысушыларға арнап әр елдің ұлттық тағамдары ұсынылды, Будапештте оқитын түркі тілдес мемлекеттердің талантты жастарынан құралған топ, музыкалық өнер көрсетті.

Аталған шараның Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елшілері, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, академиялық орта, мүше мемлекеттер елшіліктерінің қызметкерлері мен басқа да қатысушылар сыйлы қонағы болды.

Түркі мемлекеттері ұйымының Будапешттегі Кеңсесінің атқарушы директоры қызметіне кіріскен Иштван Вашари алдымен жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтап өтіп, Түркі мемлекеттері ұйымы Мажарстан үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, оның мақсаттары мен мүдделерін барынша алға жылжытуға тырысатынын, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттерінің өзара қатынасын, сондай-ақ Мажарстанмен арадағы байланыстарын одан әрі тереңдетуге барынша күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Иштван Вашари танымал түркітанушы, Алтын Орда тарихын зерттеуші ғалым, Мажарстанның Түркия және Ирандағы Елшісі қызметін де атқарған тұлға.