
Париж, 2024 жылғы 1 ақпан – Қазақстанның Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Дүниежүзілік жол қауымдастығының (PIARC) Президенті Назир Алли және Бас хатшысы Патрик Маллежакпен кездесті.
Қауымдастықтың техникалық комитеттерінің отырыстарында өткен кездесуге Қазақстандағы PIARC-тың Ұлттық комитетінің төрағасы Берік Камалиев қатысты.
Әңгіме барысында тараптар арасында 2022 жылы Қазақстанның PIARC-ке ресми қосылған сәтінен бастап белсенді өзара іс-қимыл орнатылғаны атап өтілді. Атап айтқанда, былтыр PIARC басшылығының Қазақстанға екі сапары өтті, олардың шеңберінде ҚР Үкіметінде мазмұнды келіссөздер және KazTraffic XIX халықаралық көрмесіне қатысу орын алды. Сонымен қатар, ҚР Көлік министрі М. Қарабаев бастаған өкілді отандық делегация Прагада өткен XXVII Дүниежүзілік жол конгресінің жұмысына қатысып, оның барысында Қазақстандағы PIARC-тың Ұлттық комитетінің мәртебесін тану туралы келісімге қол қойылды.
PIARC басшылығы қауымдастықтың техникалық комитеттерінің жұмысына алғаш рет жол саласындағы бір топ қазақ мамандарының қатысуын құптап, еліміздің халықаралық көлік дәліздерін дамытудағы елеулі әлеуетін атап өтті.
PIARC мамандардың ықпалдасуы және автомобиль жолдары мен жүк көлігі саласында тәжірибе алмасу үшін аса ірі халықаралық алаң болып табылады. Қауымдастық 1909 ж. оның Бас хатшылығы орналасқан Париж қаласында құрылды. Оның құрамына кіру қазақ жол саласының мамандарына жолдарға, инженерлік құрылыстарға, жол қозғалысына қатысты жетекші халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленетін заманауи техникалық әзірлемелерге және салалық құжаттамаға қолжетімділікті, сондай-ақ саланың жаһандық және өңірлік деңгейдегі маңызды мәселелері бойынша кәсіби талқылауға және шешімдер қабылдауға өзінің мазмұнды үлесін қосуға мүмкіндік береді.