Будапешт, 2024 жылғы 29 қаңтар – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мажарстан Президентінің Сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Криштоф Алтуспен кездесіп, Қазақстан-Мажарстан стратегиялық серіктестігі аясында екіжақты қатынастардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін талқылады.
Елші Жәнібек Әбдрашов мажар дипломатын Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен, ішкі-сыртқы саяси ахуалмен, инвестициялық саясатпен, сонымен қатар Мемлекет басшысының сыртқы саяси сахнадағы белсенділігі туралы қысқаша таныстырып өтті.
Кездесу барысында 2023 жылы өткен екі ел қатынастарындағы маңызды шаралар бойынша сағаттарын теңестіріп, қазіргі таңда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның былтыр, Астанада өткен келіссөздерінен кейін берілген тапсырмаларды іс жүзінде жүзеге асыру бойынша нақты шаралар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Криштоф Алтус өз кезегінде Мажарстан Президенті Каталин Новак Мемлекет басшысының 2024 жылғы Астана халықаралық форумына шақыруын қабыл алып, елімізге ресми сапармен келетінін растады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша дипломаттар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін растады және Қазақстан-Мажарстан қатынастарының барлық салада қарқынды дамуына сенім білдірді.