Түркияның Мәрмәр теңізі өңірлері Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Түркияның Мәрмәр теңізі өңірлері Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Ыстанбұл, 2024 жылғы 23-24 қаңтар – Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл Балыкесир және Маниса провинцияларының губернаторларымен, жоғары оқу орындарының басшылығы және бизнес өкілдерімен өзара тиімді бірқатар кездесулер өткізді.

Балыкесир және Маниса провинцияларының губернаторлары Исмаил Устаоглу мен Энвер Юнлю бастаған түрік тарапы бауырлас Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты арттыруға ниетті екендіктерін білдіре отырып, екіжақты қарым-қатынастардың дамуы үшін қолғабыс көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Сапар барысында Балыкесир және Джелал Баяр университеттерінің ректорлары және аталған оқу орындарында білім алатын қазақстандық студенттермен кездесті.

Жиында қазақстандық жас буынның бауырлас елде оқу барысында туындайтын түрлі мәселелері талқыланып, ортақ бастамалар туралы сөз қозғалды.

Экономикалық дипломатия бағытында Балыкесир және Маниса аймақтарының ең ірі 100 іскерлік топтары қатарындағы 12 әлеуетті инвесторлармен екіжақты келіссөздер жүргізілді.

Кездесулер нәтижесі бойынша алдағы уақытта түрік компаниялары тарапынан Қазақстанда жем, автомобильдік қосалқы бөлшектер, ауылшаруашылығы техникасы, металл бұйымдары, пластик ыдыстар өндірісі жобаларына инвестициялар салуға қатысты жаңа бастамаларды пысықтау жоспарлануда.