Қазақстан Канар аралдарында өзінің құрметті консулдығын ашты

Қазақстан Канар аралдарында өзінің құрметті консулдығын ашты

Лас-Пальмас-де-Гран-Канария, 2023 жылғы 20-21 қараша – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Канар аралдары автономиялық қауымдастығына жұмыс сапарымен барды.

Сапар басында қазақстандық дипломат Канар аралдары Үкіметінің төрағасы Фернандо Клавихомен және Испания Үкіметінің Канар аралдарындағы өкілі Мария Тереза Майанспен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Сондай-ақ, сапар барысында Қазақстанның Елшісі сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп ұйымдастырылған «дөңгелек үстелге» қатысты. Іс-шара аясында Елші іскер топтар өкілдерінің назарын екі елдің өңірлері арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды дамытудың басымдығына, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы жүктерді тасымалдау үшін еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалануға аударды.

Сапардың басты іс-шарасы Канар аралдарында ҚР Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі болды. Қазақстанның өңірдегі өкілдігін Атлантика директивалық институтының халықаралық сауда және Халықаралық экономика профессоры – Рафаэль Хуан Молина Петит басқарды. Ол бұрын Канар аралдарының Экономика министрлігі мен Өнеркәсіп, сауда және туризм министрлігінде басшы лауазымдарында қызмет атқарған.

Д. Мұсаев өз сөзінде салтанатты рәсімге қатысушыларға Корольдіктің аумағындағы құрметті консулдар институтының географиясын кеңейту қазақ-испан ынтымақтастығын дамуына үлес қосатынын, сондай-ақ елдеріміз арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатының дәлелі болып табылатынын атап өтті.

Құрметті консулға, ең алдымен, өңір мен Қазақстан арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл беріледі. Қызметтің басым бағыты Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады. Бұл ретте Испания азаматтары асырап алған қазақстандық балалармен байланысты қолдауға ерекше назар аударылатын болады.

Айта кететін жәйт, бүгінгі күні Испания Корольдігінде әр аймақта орналасқан 4 құрметті консулдық қызмет етуде.

Анықтама: Құрметті консулдық – өзі өкілдік ететін елдің мемлекеттік қызметінде тұрмай, сол елдің және оның азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қоса, бірақ визалар мен өзге де ресми құжаттарды беруді қоспағанда, өкілдік ететін мемлекеттің тапсырмасымен және болу елінің келісімімен ақысыз негізде кейбір консулдық міндеттерді атқаратын Құрметті (штаттан тыс) консул басқаратын мекеме.