Қазақстан мен Хорватия энергетикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталуда

Қазақстан мен Хорватия энергетикалық ынтымақтастықты  дамытуға бағытталуда

Загреб, 2023 жылғы 19 қазан – Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Jadranski naftovod (JANAF) компаниясының басқарма төрағасы Степан Аданичпен кездесті.Кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Еуразиядағы екінші ірі дәлелденген мұнай қорына ие бола отырып, әлемдік нарықтарға энергияның ірі жеткізушісі екенін атап өтті. Қазақстандық мұнай экспортының 70%-ы Еуропалық Одаққа жіберілетінін ескере отырып, Қазақстан ЕО мен Хорватияға өз экспортын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруға және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайындығы расталды.

Осыған байланысты JANAF басшылығы «Адриа» Хорват мұнай құбыры арқылы Балқан және Шығыс Еуропа елдеріндегі тұтынушыларға қазақстандық мұнай экспортының көлемін кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Тараптар қазақстандық мұнайды тасымалдау үшін осы маршрутты ықтимал пайдалану бойынша практикалық келіссөздерді бастауға келісті. Осы мақсатта жақын арада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері JANAF басшылығымен келіссөздер жүргізу және компанияның Крк аралындағы Омишал мұнай терминалына бару үшін Загреб пен Риекаға сапары жоспарлануда.

Кездесу аясында Қазақстан-Хорватия ҮАК және Іскерлік кеңес шеңберінде энергетика бойынша жеке Жұмыс тобын құру және оның бірінші отырысын онлайн форматта өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл осы саладағы Жұмыс тобы мемлекеттік органдарды, кәсіпкерлер мен инвесторларды біріктіре алады.

Анықтама: Хорватиялық JANAF компаниясы Крк аралындағы мұнай терминалын, Риекадағы мұнай өңдеу зауытын және Хорватия аумағындағы Адриа мұнай құбырлары жүйесін басқарады. Мұнай құбырының жобалық өткізу қабілеті жылына 34 млн тоннаны құрайды, белгіленген – 20 млн тонна, оның 40%-ы Хорватияның ішкі нарығына, ал 60%-ы көрші елдерге транзитке жұмсалады. Омишал мұнай терминалынан басталатын Адриа құбырының бүкіл желісі Хорватия, Сербия және Венгрияны қамтиды, Словения мен Босния және Герцеговинаға тармақтары бар.