Бейжің, 2023 жылғы 28 қыркүйек – Тыйым салынған қала сарай кешенінде (Гугун) «Серіктестік жолындағы гүлденген әлем: «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Көрмеде Қазақстанның көне жәдігерлері көрсетілуде, сондай-ақ Бейжіңге «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы жеткізген «Алтын адамның» қабірін қазу барысында табылған заттар мен киім-кешектің элементтері ұсынылды, олар қытай қоғамын біздің еліміздің аумағын мекендеген халықтардың ежелгі тарихымен, мәдениетімен, өмір салтымен және дәстүрімен таныстырады.
Көрмеде Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі халықтардың мәдени мұралары, сондай-ақ сақ жауынгерінің қабірінен табылған алтын заттар (б.з.д. V-IV ғғ.) ұсынылды.
Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығына арналған көрме 2023 жылдың 28 қыркүйегінен 2024 жылдың 5 қаңтарына дейін Бейжіңдегі тыйым салынған қала мұражайында көрсетілетін болады. Аталған көрменің шеңберінде Қазақстандық экспозициялармен қатар Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің ежелгі экспонаттары да ұсынылған.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Нұрлан Аққошқаров Қазақстан мен Қытайдың археологиялық жұмыстарының негізгі жетістіктерін атап өтіп, Есікте табылған сақ жерлеу орындары мен артефактілердің тарихын көпшілікке таныстырды.
Салтанатты шараға ҚХР Мәдениет және туризм Министрі Ху Хэпин, Тыйым салынған қала сарай кешенінің Директоры Ван Сюйдун, Қытай мәдени мұралар қорының Директоры Лю Юйчжу, Өзбекстан Президентінің көмекшісі Саида Мирзиеева, сондай-ақ өнер қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты.