Амстердамда «Петроглифтер. Тамға және көне түркі жазуы» атты халықаралық көрменің тұсаукесері өтті

Амстердамда «Петроглифтер. Тамға және көне түркі жазуы» атты халықаралық көрменің тұсаукесері өтті

Амстердам, 2023 жылғы 14 қыркүйек – Нидерланды астанасында Қазақстан, Әзербайжан және Түркияның Нидерланд Корольдігіндегі Елшіліктерінің қолдауымен Юнус Эмре институты және Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорымен бірлесіп «Петроглифтер. Тамға және көне түркі жазуы» атты халықаралық көрме өтті.

Іс-шараға ХТММ қорының Президенті Гюнай Эфендиева, Нидерландтағы Қазақстан Елшісі Асқар Жұмағалиев, Әзербайжан Елшісі Рахман Мустафаев, Түркия Елшісі Селчук Унал, Юнус Эмре институтының басшысы Адил Акалтун, сондай-ақ түркі елдерінің жергілікті диаспора белсенділері, дипломаттар, өнерсүйер қауым, сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Салтанатты рәсімнің ашылуында сөз сөйлеген Г. Эфендиева түркі жандануындағы мәдени байланыстардың рөлін атап өтіп, ұйымдастырушыларға қонақжайлылық көрсеткен үшін алғысын білдірді. Сөз кезегін алған Әзербайжан Елшісі Р. Мустафаев ортақ тарихымыз және тіліміз халықтарымызды жақындастыратынын атап өтіп, болашақта осындай ортақ іс-шараларды жиі өткізуге шақырды. Түркі әлемінің ортақ мұраларын сақтау және насихаттау маңыздылығына тоқталған Түркия Елшісі С. Унал түркі тарихы мен тілін бірлесіп зерттеуге шақырды.

Кездесуде Қазақстан Елшісі А. Жұмағалиев жиналғандарға түркі әлемінің ынтымақтастығы, бірлігі мен келешегі туралы сөз қозғап, өзара сенім мен достықты нығайтудағы осындай іс-шаралардың маңыздылығын меңзеді. Сонымен қатар Қазақстанның көпвекторлы саясатында ерекше орынға ие түркі бағытының роліне тоқталып, жиналғандарды елде болып жатқан өзгерістер туралы хабардар етті. Атап айтқанда, қазақстандық дипломат Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына тоқталып өтті.

Тараптар осы іс-шараға алаң ұсынған Юнус Эмре институты мен оның басшысы А. Акалтунға ерекше алғыстарын айтып, көп ғасырдан бері сақталып келе жатқан түркі әлемінің мәдениеті мен дәстүрлері туралы ақпараттарды белсенді таратуын қамтамасыз етуге бірлескен ниеттерін білдірді. 

Мәдени бағдарламаның жалғасы ретінде көрмеге келушілерге көне түркі жазуы бойынша мастер-класс өткізілді.