Румыния СІМ-де Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Румыния СІМ-де Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Бухарест, 2023 жылғы 19 мамыр – Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Ерлік Әли Румыния Сыртқы істер министрлігінің Жаһандық істер және дипломатиялық стратегия бойынша Мемлекеттік хатшысы Траян Христеамен кездесті.

Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, «Еуропалық одақ – Қазақстан» және «Еуропалық одақ – Орталық Азия» форматтарындағы сауда, транзит-көліктік, энергетикалық және IT салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Е. Әли Қазақстанның сыртқы саяси бағытындағы соңғы жаңалықтармен бөлісті: ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Бельгияға сапары, Алматы қаласында өткен «Еуропалық одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы. Осыған байланысты тараптар Қазақстан мен Румыния арасында екіжақты кездесулер өткізуге мүмкіндік беретін осы экономикалық форумға румын делегациясының қатысуының уақытылылығын атап өтті.

Румын дипломаты Қазақстан әрқашан Бухаресттің Орталық Азиядағы маңызды серіктес болғанын және бола беретінін айтты. Осы орайда Т. Христеа Қазақстанның екіжақты және көпжақты форматтағы бастамаларын қолдайтынына сендірді.

Ынтымақтастыққа ниет білдіргені үшін ризашылығын айтқан Елші Қазақстан басшылығының жақын арада Румынияға сапарын ұйымдастырудың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.