Ереван Қазақстанмен денсаулық сақтау саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайындығын білдірді

Ереван Қазақстанмен денсаулық сақтау саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайындығын білдірді

Ереван, 2023 жылғы 13 сәуірҚазақстан Елшісі Болат Иманбаев Арменияның Денсаулық сақтау министрі Анаит Аванесянмен кездесуі өткізіп, оның барысында денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан-Армения ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.

Армян тарапы ү.ж. наурыз айында өткен Қазақстанның Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарына сайлау қорытындыларымен, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етілді. Арменияның Денсаулық сақтау министрі сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, Қазақстан басшылығының саясатын жоғары бағалады.

Тараптар екі елдің медициналық саладағы белсенді өзара іс-қимылын атап өтіп, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жаңғыртуға, жұқпалы ауруларға жедел әрекет етуге, цифрлық денсаулық сақтау мен медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мен дамыту бойынша тәжірибе алмасуға мүдделілік білдірді.

Әңгімелесу барысында 2023 жылға арналған бірлескен іс-шаралар кестесі мен биыл 27-28 сәуірде Ереванда болатын Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-армян үкіметаралық комиссиясының кезекті 9-шы отырысын өткізу мәселелері қарастырылды. А. Аванесян 2023 жылғы қазан айында Астанада өтетін Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференцияға және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясына қатысатынын растады.