Ұлан-Батырда Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық талқыланды

Ұлан-Батырда Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық талқыланды

Ұлан-Батыр, 2023 жылғы 11 сәуір – Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның Қаржы министрі, Қазақстан-Моңғолия Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының моңғол бөлігінің тең төрағасы Болдын Жавхланмен кездесіп, үкіметаралық комиссияның кезекті мәжілісін әзірлеу және өткізу, екі елдің арасында жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен ірі іс-шараларды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Қазақстандық дипломат моңғол тарапын еліміздегі кезектен тыс парламенттік сайлаудан кейін ү.ж. сәуірдің басында қалыптасқан ҚР Үкіметінің жаңа құрамы жөнінде қысқаша ақпарат берді.

Сонымен бірге, тараптар сауда-экономикалық қатынастар мен инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету, тау-кен, әуе қатынасын орнату, мәдени іс-шаралар, спорттың қысқы түрлері бойынша ынтымақтастықты және басқа да салалардағы өзара әрекеттестікті тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасты.

Тараптар сондай-ақ үкіметаралық комиссияның кезекті мәжілісін жақын уақытта өткізуге, екі елдің арасындағы барлық салалардағы өзара пайдалы ынтымақтастықты жан-жақты ілгерілетуге белсенді атсалысуға келісті.