Литваның Сыртқы істер министрі Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды

Литваның Сыртқы істер министрі Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды

Вильнюс, 2023 жылғы 3 сәуір – Қазақстан Елшісі Тимур Оразаев Қазақстан-Литва ынтымақтастығының екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау үшін Литва Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергиспен кездесті.

Елші өткен жылдың желтоқсанында Г. Ландсбергистің Астанаға сапарынан кейін Қазақстандағы парламенттік сайлаудың қорытындылары және еліміздің саяси өміріндегі басқа да өзгерістер туралы айтты.

Сейм депутаты және «Отан Одағы – литвалық христиан демократтары» басқарушы партиясының төрағасы да болып табылатын Г. Ландсбергис Қазақстанның өзекті халықаралық мәселелер бойынша салмақты және сындарлы ұстанымын атап өтіп, еліміздің сайлау жүйесіндегі өзгерістерге оң баға берді. Ол Астанада Қазақстан Президентімен және Сыртқы істер министрімен кездесулері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы туралы сөз қозғады.

Тараптар ағымдағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелерін, оның ішінде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы оларды шешу үшін қосымша қадамдарды талап ететін, атап айтқанда автомобильмен жүк тасымалдау, визалық талаптар және сауда-инвестициялық қағидалар проблемаларымен байланысты мәселелерді қарастырды.

Кездесу барысында Литва министрі ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге жеке құттықтауын жолдай отырып, қазақстандық тараппен, ең алдымен, әңгіме барысында қозғалған бағыттар бойынша белсенді өзара іс-қимыл жасау ниетін растады.