Арменияның министрлер кабинетінің жаңа мүшелері Қазақстандағы реформаларға қолдау білдірді

Арменияның министрлер кабинетінің жаңа мүшелері Қазақстандағы реформаларға қолдау білдірді

Ереван, 2023 жылғы 17 наурыз - Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Армения Республикасы Үкіметінің жаңа мүшелерімен, атап айтқанда, Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасянмен, Қаржы министрі Ваге Ованисянмен, Жоғары технологиялық өнеркәсіп министрі Роберт Хачатрянмен және Экономика министрі Ваган Керобянмен бірқатар кездесулер өткізді. Әңгіме барысында қазақ-армян екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты түрлі салаларда нығайту мәселелері талқыланды.

Армян тарапына Астана мен Ереван арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың дамуы, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ауқымды саяси және экономикалық реформалар бағдарламасы туралы ақпарат берілді. Конституциялық реформа және Қазақстанда парламенттік сайлауды өткізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Ведомстволар жетекшілері Қазақстан басшылығының саясатына жоғары баға беріп, халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіліп жатқан өзгерістердің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті. Министр Жанна Андреасян Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға сайлау «Қазақстан халқының игілігі үшін даму мен өркендеу жолындағы елдің саяси өміріндегі маңызды оқиға болып табылады» деп сенім білдіріп, сайлауды өткізуде табыс тіледі.

Кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен Армения арасындағы көпжақты өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету мәселелері мен 2023 жылғы екіжақты іс-шаралар кестесін, сондай-ақ үстіміздегі жылы Ереванда Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-армян үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысын ұйымдастыру және өткізу мәселелерін қарастырды.