Қазақстанның іскер әйелдері Парижде қазақ мәдениетін таныстырды

Қазақстанның іскер әйелдері Парижде қазақ мәдениетін таныстырды

Париж, 2023 жылғы 9 наурыз – Қазақстанның Франциядағы Елшілігі «Қазақстанның Франциядағы іскер әйелдері» қауымдастығымен бірлесіп Халықаралық әйелдер күніне арналған «Бүгінгі Қазақстанның дамуындағы әйелдердің рөлі» атты іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараға француз қоғамының, іскерлік және мәдени топтардың өкілдері, ЮНЕСКО басшылығы, сондай-ақ Франция мен ЮНЕСКО-да аккредиттелген бірқатар дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты.

Қазақстан Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова ашылу сөзінде әйелдердің қазіргі қоғамдағы маңызды әрі өсіп келе жатқан рөлін атап өтті. «Азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік немесе мәдениет саласында болсын, әйелдердің құқықтарын ілгерілету және қорғау мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болып табылады», – деді ол.

Елші еліміздің басшылығы қоғамдық өмірдің барлық салаларын, соның ішінде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және іске асыру саласындағы реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Үкімет шешім қабылдау үдерістерінде әйелдердің өкілдігін арттыру, атап айтқанда олардың билікке қатысу деңгейін 30%-ға жеткізу жөнінде шаралар қабылдап жатқаны атап өтілді.

Сонымен қатар, елімізде әйелдердің сайлау және саяси процестерге белсенді қатысуы жүзеге асырылуда. Бұған алдағы уақытта өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарына сайлауда әйел кандидаттардың жоғары қатысуы дәлел болады.

Іс-шара аясында жаңадан құрылған «Қазақстанның Франциядағы іскер әйелдері» қоғамдастығының тұсаукесері өтті. Оған осы елде тұратын және табысты жұмыс істейтін отандастарымыз кіреді. Қоғамдастықтың қызметі Қазақстан мен Франция арасындағы көп қырлы байланыстарды дамытуға және нығайтуға бағытталады.

Іс-шараға қатысушылардың назарына «Ұлы даланың әйгілі әйелдері» атты фотокөрме ұсынылды. Көрмеде көрнекті тарихи тұлғалармен қатар бірқатар дипломатия, ғылым және білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет саларында үлкен жетістіктерге қол жеткізген қазіргі Қазақстанның өкілдерінің өмір жолы мен еліміздің дамуына қосқан зор үлестері баяндалады.

Іс-шараның шарықтау шегі Қазақстан іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, халықаралық дизайнерлер конкурстарының жеңімпазы, ақтобелік дизайнер Малика Дүйсенбаеваның ұлттық киімдер жиынтығының көрсетілімі болды.