Бейжіңде Қазақстан мен Қытайдың 2023 жылы жоспарланған өзара ықпалдасудың мәселелері талқыланды

Бейжіңде Қазақстан мен Қытайдың 2023 жылы жоспарланған өзара ықпалдасудың мәселелері талқыланды

Бейжің, 2023 жылғы 16 қаңтар – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Cыртқы істер министрінің орынбасары (Министр деңгейінде) Ма Чжаосюймен кездесті.

Кездесу барысында тараптар түрлі салалардағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының толық ауқымды өзекті мәселелерін талқылады, сондай-ақ оны одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.

Сұхбат барысында ағымдағы жылы жоспарланған жоғары және жоғарғы деңгейдегі екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесіне, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберіндегі екі елдің өзара ықпалдасуына басты назар аударылды.

Ш. Нұрышев қытайлық тарапқа Қазақстан-Қытай қатынастарына қосымша «серпін» беру және шарт-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында ҚР және ҚХР мемлекеттік органдарының қарастыруында жатқан екіжақты құжаттардың жобаларын келістіруді белсендетуді ұсынды.

Сонымен бірге, Қазақстан Елшісі сауда-экономикалық байланыстарды арттыру, Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінде өзара әрекеттесу және тығыз ықпалдасуды нығайту, жолаушылар әуерейстерінің санын «пандемияға дейінгі» деңгейге дейін қалпына келтіру және қазақстандықтар үшін ҚХР визалық режимін жеңілдету мәселелері бойынша бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударды.

Өз тарапынан, Ма Чжаосюй көтерілген мәселелердің маңыздылығын айтып, қытайлық тараптың аталған сұрақтар бойынша белсенді өзара ықпалдасуға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ, ол Қытайдың сыртқы саяси мекемесі ағымдағы жылы жоспарланған іс-шараларды ойдағыдай ұйымдастыру мақсатында ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігімен тығыз әрекеттесуге әзір екенін хабарлады.

Кездесудің соңында сұхбаттастар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы және өзекті мәселелері бойынша тұрақты байланыстарды сақтауға уағдаласты.