Қазақстанның Ұлттық комиссиясы ЮНЕСКО және ИСЕСКО-мен өзара іс-қимыл басымдықтарын талқылады

Қазақстанның Ұлттық комиссиясы ЮНЕСКО және ИСЕСКО-мен өзара іс-қимыл басымдықтарын талқылады

Алматы, 2025 жылғы 16 мамыр – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, сондай-ақ ғылым және жоғары білім, экология және табиғи ресурстар, туризм және спорт вице-министрлері, тиісті ведомстволық ұйымдардың басшылары, ұлттық комиссия мүшелері мен Алматыдағы ЮНЕСКО-ның Өңірлік кеңсесінің басшысы Амир Пирич қатысты.

Отырыста ЮНЕСКО және ИСЕСКО-мен ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЮНЕСКО желісі бойынша тапсырмаларын орындауға ерекше назар аударылды.

А.Рахметуллин өз сөзінде Қазақстанның БҰҰ жүйесіндегі позицияларын нығайтуға бағытталған сыртқы саяси бастамаларын атап өтті. Атап айтқанда, ол БҰҰ Бас Ассамблеясының Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Алматы қаласында Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік хабын құру туралы қарарын қабылдауына байланысты ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің маңызды рөліне ерекше назар аударды.

Ұлттық комиссия басшылығы ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында маңызды нәтижелерге қол жеткізілгенін, соның ішінде Қазақстанның мәдени және табиғи нысандарының Ұйымның халықаралық тізімдеріне енгізілгенін атап өтті.

Қатысушылардың пікірінше, ғылыми-зерттеу және ағартушылық қызметке, сондай-ақ ЮНЕСКО ұлттық қауымдастықтарының (кафедралар, мектептер мен клубтар) ЮНЕСКО стандарттарын ілгерілетуге белсенді қатысуына баса мән берілуі тиіс.

Сондай-ақ қатысушылар ЮНЕСКО-ның қазақтың дәстүрлі «Беташар» үйлену рәсімін Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу жөніндегі шешімін құптап қарсы алды.

Отырыс барысында ЮНЕСКО тізімдеріне болашақ ұлттық номинацияларды ілгерілету шаралары, соның ішінде материалдық, материалдық емес және деректі мұра нысандары бойынша ұсыныстар қаралды.

Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің ЮНЕСКО-мен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету және Қазақстан бастамаларын халықаралық деңгейде сүйемелдеу бағытындағы үйлестіруші рөлі ерекше аталып өтті.

Соңында қатысушылар 2025 жылғы маңызды іс-шараларға – ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын атап өтуге және Самарқанд қаласында өтетін ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-ші сессиясына дайындық мәселелерін талқылады.