Астана, 2025 жылғы 6 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Мемлекеттік жиналысының (Парламентінің) делегациясын қабылдады.
Мажар делегациясының құрамына «Қазақстан-Мажарстан» парламенттік ынтымақтастық тобының төрағасы Шандор Фазекаш, оның орынбасары Шандор Ковач, сондай-ақ Еуропа кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) Саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитетінің мүшесі Жолт Немет кірді.
Сұхбат барысында тараптар парламентаралық диалогты нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ Еуропа кеңесі мен ЕҚЫҰ-ны қоса алғанда, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылға ерекше назар аудара отырып, қазақ-мажар қатынастарының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
М.Нұртілеу тарихи достыққа, өзара құрметке және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша көзқарастардың сәйкес келуіне негізделген Астана мен Будапешт арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан дипломатиясының басшысы Ш.Фазекашты екіжақты байланыстарды нығайтуға және парламентаралық байланыстарды дамытуға қосқан жеке үлесін көрсететін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен берілген мемлекеттік награда – II дәрежелі «Достық» орденінің табысталуымен құттықтады.
Сондай-ақ Қазақстанның Еуропа кеңесінің Парламенттік Ассамблеясымен құқық үстемдігін, адам құқықтары және демократиялық қағидаттарды ілгерілету мәселелерінде өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда тараптар еуропалық институттармен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.
Қазақстан СІМ басшысы Еуропа кеңесінің «2024-2027 жылдарға арналған көршілік саясаты шеңберінде Қазақстанмен ынтымақтастықтың басымдықтары» бағдарламасы табысты іске асырылатына сенім білдірді. Ол еліміз үшін Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформалардың логикасына толық сәйкес келетін адам құқықтары мен ішкі саяси дамудың бірқатар негізгі бағыттарын қамтиды.
Өзара іс-қимылды кеңейту және тереңдету мәселелері Ж.Неметтің Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесуі барысында одан әрі талқыланды, ол еуропалық қонақты Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Еліміз Еуропа кеңесінің төрт конвенциясының қатысушысы екенін атап өтіп, Р.Василенко қазақ тарапының Ұйымның басқа құжаттарына қосылу арқылы Қазақстанның саяси жаңғыруы мен экономикалық дамуына ықпал ететін Еуропа кеңесімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін білдірді.
Осы ретте ҚР құқықтық институттарын реформалау мәселелерінде сараптамалық-консультациялық көмек көрсететін Венеция комиссиясы шеңберінде оң өзара іс-қимыл аталып өтті.
Тараптар тәжірибе алмасу және Қазақстанда болып жатқан процестер туралы объективті ақпарат ұсыну үшін адам құқықтарын қорғау және азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне тартылған қазақстандық депутаттар мен мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің ЕКПА сессияларына белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.