Қазақстан СІМ-де Франциямен өзекті ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қазақстан СІМ-де Франциямен өзекті ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Астана, 2025 жылғы 6 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Француз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Сильван Гиогемен кездесті.

Сұхбат барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-француз ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.

Сұхбаттастар атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қарашада Францияға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды және уақытылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Өз тарапынан Р.Василенко «дипломатиялық қарым-қатынастардың 33 жылы ішінде Қазақстан мен Франция екіжақты ынтымақтастықты «нығайтылған стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеруге қол жеткізе алып, бұл Астана мен Париж арасындағы ынтымақтастықтың бар әлеуетін дамытуға өзара қызығушылықты көрсететініне» назар аударды.

Энергетика, оның ішінде ядролық және жаңартылатын энергия көздері, сирек кездесетін металлдар, көлік және логистика, денсаулық сақтау, туризм, білім беру ынтымақтастықтың басым перспективалы бағыттары ретінде белгіленді.

С.Гиогенің айтуынша, 2024 жылы Қазақстандағы Франция Елшілігі еліміздің азаматтарына 17 мыңнан астам виза берді. Аталған көрсеткіш 2023 жылғы салыстырғанда 40%-ға артық. Сонымен қатар қазіргі уақытта екі ел арасында 20 жуық дуальді білім беру бағдарламасы бар. Сонымен бірге көптеген француз университеттері Қазақстанды Орталық Азияның басқа елдерімен ынтымақтастығын ілгерілететін хаб ретінде қарастырады.

Сонымен қатар кездесуде түрлі деңгейдегі бірлескен шаралар және екіжақты сапарлар кестесі, сондай-ақ ү.ж. 28 мамырда Астана халықаралық форумы қарасанында өтетін «Француз күні» қазақ-француз форумының ұйымдастырылуы талқыланды. Өтетін іс-шара энергетика және сирек жер металдары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және қалалық инфрақұрылым салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Бұған қоса тараптар бір-бірін келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, С.Гиоге 8 мамыр күні Астанадағы Шарль де Голль ескерткіші алдында Францияны азат етуге қатысқан қазақстандық партизандарының құрметіне арналған мерекелі шарасы туралы хабардар етті.

Кездесу соңында тараптар Астана мен Париж арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету мен байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

Анықтама: Франция – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2024 жылғы екіжақты сауда көлемі өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға өсіп, 5,5 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 3,6 млрд, импорт – 1,9 млрд). Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 4,2 млрд долларға жетті (экспорт – 3 млрд, импорт – 1,2 млрд), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,7%-ға жоғары (4 млрд). Францияның Қазақстан экономикасына инвестициясының көлемі 20 млрд доллар құрады. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 200 астам компания жұмыс атқаруда.