Қазақстан мен Еуропалық одақ екіжақты және өңіраралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған

Қазақстан мен Еуропалық одақ екіжақты және өңіраралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған

Астана, 2025 жылғы 5 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуропалық одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкичпен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында тараптар көп қырлы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша «сағат теңестірді» және 2025 жылғы 4 сәуірде Самарқандта өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммитінің негізгі қорытындыларын жан-жақты талқылады.

Р.Василенконың айтуынша, «Саммит біздің қарым-қатынасымыздың жаңа тарауын айқындап, өңірлік ынтымақтастық деңгейін стратегиялық серіктестікке дейін көтерді». Қазақстандық дипломат ЕО-ның Орталық Азия үшін жалпы сомасы 12 млрд еуро құрайтын инвестициялық пакетінің жариялануын құптап, белгіленген жоспарларды жедел және толық жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Саммит шеңберінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық кеңес және Еуропалық комиссия басшылары Антониу Кошта мен Урсула фон дер Ляйенмен екіжақты кездесулері барысында қол жеткізілген жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды тиімді іске асыруға ерекше назар аударылды.

Р.Василенко Мемлекет басшысының сауда және инвестициялар, көлік және логистика, сирек жер металдары, цифрландыру, жасанды интеллект және білім беру сияқты стратегиялық маңызды бағыттардағы өңірлік өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бастамаларын егжей-тегжейлі таныстырды.

Министрдің орынбасары ЕО Кеңесінің Еуропалық комиссияға Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету туралы келісім бойынша ресми келіссөздер процесінің басталуына мандат беру туралы шешімін құптап, оның неғұрлым тезірек басталуының басымдығын атап өтті.

Өз тарапынан А.Симкич тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, көліктік өзара байланысты нығайтуға және «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған Еуропалық одақтың екіжақты және өңірлік жобалары туралы хабардар етті.

Сапарлар мен іс-шаралардың жоғары динамикасына қанағат білдіріп, кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттастар серіктестікті одан әрі дамыту үшін жан-жақты күш салуға дайын екенін растады.

Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 2024 жылы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16.9%-ға артық (ҚР-дан экспорт – 38,1 млрд доллар, ҚР-ға импорт – 10,6 млрд доллар). Қазақстан экономикасына еуропалық инвестициялар көлемі 2005 жылдан бастап 200 млрд доллар құрады. Қазақстанда 3000-нан астам еуропалық компания жұмыс істейді.