Лондонда Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Үкіметаралық комиссияның отырысы өтті

Лондонда Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Үкіметаралық комиссияның отырысы өтті

Лондон, 2025 жылғы 30 сәуір – Лондонда Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысы өтті. Қазақ делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров басқарды. Отырыста Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ілиясов, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич, сондай-ақ екі елдің салалық министрліктерінің, ұлттық компаниялары мен квазимемлекеттік секторының өкілдері қатысты.

Комиссияға Ұлыбритания тарапынан Кәсіпкерлік және сауда министрлігінің Сауда саясаты және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Дуглас Александр төрағалық етті.

Тараптар өткен жылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасында Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы өзара іс-қимылды тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашқанын атап өтті. Бұл сындарлы пайдалы қазбалар, жасыл энергетика мен климат, көлік және логистика, фармацевтика және денсаулық сақтау, білім беру, сондай-ақ қаржылық серіктестік салаларын қамтиды.

Өз сөзінде Ә.Қуантыров Ұлыбританияны Қазақстан экономикасына 22 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция салған негізгі сауда серіктестерінің және ірі инвесторлардың бірі ретінде атап өтті: «Біз Ұлыбританияның Қазақстан экономикасының негізгі салаларын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және инвестицияларға, технологияларға және құзыреттер трансферіне басымдық берілетін жаңа деңгейдегі серіктестік орнатуға ұмтыламыз».

Іс-шара аясында екіжақты құжаттарға, соның ішінде Үкіметаралық комиссияның Хаттамасына, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына, сондай-ақ су ресурстары және «AstraZeneca» компаниясымен бірлесіп Қазақстанда биопрепараттарды локализациялау салаларындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумдарға қол қойылды.

Үкіметаралық комиссия Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың аса маңызды тетігі болып қала береді, ол қол жеткізілген уағдаластықтарды жүйелі түрде іске асыруға және стратегиялық өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.