Астана, 2025 жылғы 29 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Румыния Энергетика министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Павел-Касьян Никулескумен кездесу өткізді.
Оның барысында тараптар Астана мен Бухарест арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейін атап өтіп, энергетика, мұнай-газ саласы, инвестициялар және технологиялық серіктестікті қоса алғанда сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.
Қазақстанның Еуропадағы ең ірі шетелдік активі болып табылатын және Румынияның экономикасы үшін басты мәнге ие «ҚазМұнайГаз Интернешнл» компаниясының осы елдегі қызметіне ерекше назар аударылды.
Бұл жоба екі ел үшін де стратегиялық маңызға ие. Компания Румыниядағы ең ірі салық төлеушілердің қатарына енеді және энергетика саласында шешуші рөл атқарады.
Сонымен қатар атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары, оның ішінде екі елде де инновациялық шешімдердің дамуына ықпал ететін тәжірибе мен технологиялармен алмасу сұрақтары талқыланды.
Келіссөздер шеңберінде ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жаңа бастамалармен қоса, өзара инвестициялар мен сауда қатынастарын ұлғайту мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу соңында тараптар белсенді диалогты жалғастыруға және қазақ-румын қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға ниетін растады.
Анықтама: 2004 жылы екіжақты сауда көлемі 2,9 млрд АҚШ долларынан асты, ал 2025 жылғы қаңтар-ақпанда 478,2 млн доллар құрады. Соңғы онжылдықта Румыния ҚР экономикасына 1,57 млрд доллар көлемінде инвестиция құйды. Қазақстанда румын капиталымен 37 компания жұмыс істейді.