Қазақстан мен Польшаның сыртқы істер министрліктері саяси консультациялар өткізді

Қазақстан мен Польшаның сыртқы істер министрліктері саяси консультациялар өткізді

Астана, 2025 жылғы 28 сәуір – Қазақстан мен Польшаның сыртқы істер министрліктері арасында кезекті саяси консультациялар өтті.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко поляк делегациясын қарсы ала отырып, Астана Варшаваны Еуропалық одақтағы маңызды саяси және экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті, сондай-ақ екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін жеткізді.

Консультациялар барысында ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры Данияр Сейдалиев пен Польша СІМ Шығыс департаментінің директоры Войцех Зайончковский саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл мәселелердің кең ауқымын талқылады.

Тараптар осы жылға жоспарланған саяси және экономикалық бағыттағы екіжақты іс-шараларды дайындауға ерекше назар аударды.

Екі елдің дипломаттары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бейілділіктерін растады.

Поляк делегациясының басшысы Польшаның Қазақстанмен барлық негізгі бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту ниетін растады.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында тығыз диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Анықтама: 2024 жылы Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 1,12 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 488,0 млн доллар, импорт – 639,1 млн доллар. 2025 жылдың алғышқы екі айында тауар айналымы 169,2 млн доллар құрады. 2005 жылдан бері Польшаның Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 522,14 млн АҚШ долларына жетті. Қазақстанда поляк капиталымен 140-тан астам компания жұмыс істейді, олардың қатарында «Polpharma» (Santo), «Selena» және «Stockson» бар.