ӘМШ рәсімі аясында Қазақстан қабылдаған ұсыныстар Сыртқы істер министрлігінде талқыланды

ӘМШ рәсімі аясында Қазақстан қабылдаған ұсыныстар Сыртқы істер министрлігінде талқыланды

Астана, 2025 жылғы 19 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде «Адам өлшемі жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органы (бұдан әрі – «АӨДА» ККО) кіші тобының кезекті отырысы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Төртінші мерзімдік Ұлттық баяндамасын Әмбебап мерзімдік шолу (бұдан әрі – ӘМШ) аясында қорғау қорытындысы бойынша алынған ұсынымдарды талқылауға арналды.

«АӨДА» ККО отырысында ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надирқұлова мен ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова тең төрағалық етті. Кездесу барысында 294 ұсыныс таныстырылды, оның 56-сы алғаш рет БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүше мемлекеттері тарапынан ұсынылды. Бұл ұсыныстар, атап айтқанда, отбасылық зорлық-зомбылық пен азаптауларға қарсы күресті жалғастыру, инклюзивтікті қамтамасыз ету, құқық қорғау институттарын және Ұлттық алдын алу механизмін нығайту, халықты, әсіресе осал топтарды әлеуметтік қорғау шараларын қамтиды.

Қабылданған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін төрт жылдық мерзімге арналған Ведомствоаралық жоспар әзірлеу жоспарлануда. Бұл жоспар қабылданған міндеттемелердің орындалу барысын қадағалауға және олардың іске асырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жиынға қатысушылар ӘМШ ұсыныстарын келесі бағыттар бойынша құрылымдау туралы келісті: халықаралық конвенциялар мен келісімдерді ратификациялау; құқық қорғау тетіктерін күшейту және БҰҰ-мен ынтымақтастық; азаптаулар мен қатыгездікке қарсы күрес; гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдерді қорғау; балалар құқықтары; сөз бостандығы, БАҚ және азаматтық қоғам; ЛГБТИ+ құқықтары және кемсітушілікке қарсы күрес; мигранттар, босқындар және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары; экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар; білім беру мен денсаулық сақтауға қолжетімділік; қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму; мүгедектігі бар адамдардың құқықтары; сыбайлас жемқорлықа қарсы күрес және сот реформасы; этникалық және діни азшылықтардың құқықтары.

Жалпы, күн тәртібіндегі мәселелер ашық және сындарлы форматта талқыланды. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері адам құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Қазақстан бойынша ӘМШ Жұмыс тобының баяндамасы мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ұсыныстары 2025 жылдың маусымында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 59-шы сессиясында бекітіледі.

Анықтама: 2025 жылғы 23 қаңтарда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Әмбебап мерзімдік шолу жөніндегі Жұмыс тобының 48-ші сессиясында Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы міндеттемелерді орындауы және алдыңғы шолу бойынша ұсыныстарды жүзеге асыруы туралы кезекті баяндамасы ұсынылды. Бұл шолуға 100-ден астам мемлекеттің делегациялары қатысты. Олар жүргізіліп жатқан демократиялық реформаларға жан-жақты қолдау білдіріп, Қазақстанда іргелі құқықтар мен бостандықтарды нығайтуға бағытталған нақты қадамдарды қабылдауды құптады.

«АӨДА» ККО 2013 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен құрылған. Бұл алаң үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты дамытуға арналған тиімді құрал ретінде жұмыс істейді. Мұнда адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдерінің (БҰҰ ДБ, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы, ЕҚЫҰ және т.б.) байқаушылар ретінде қатысуымен талқыланады.