Астана, 2025 жылғы 3 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Вьетнам Социалистік Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ле Тхи Тху Хангтың тең төрағалығымен Қазақстан-Вьетнам саяси консультацияларының тоғызыншы раунды өтті.
Тараптар Астана мен Ханой арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму динамикасын талқылады. Сондай-ақ достық пен өзара сенім қағидаттарына негізделген серіктестікті одан әрі кеңейту үшін елеулі әлеуетті атап өтті.
Сұхбаттастар екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы бойынша пікір алмасты. Ағымдағы жылға арналған биік және жоғары деңгейдегі іс-шараларға, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа, сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды тереңдету перспективаларына ерекше назар аударды.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы жан-жақты өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайту бойынша бірқатар бірлескен ұсыныстар әзірледі.