Мазмұны:
2024 жылғы 7-13 маусым аралығында Женевада (Швейцария) өтіп жатқан Халықаралық еңбек конференциясының 112-ші сессиясына Қазақстандық үшжақты делегациясы қатысуда. Қазақстан делегациясы құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Кәсіподақтар федерациясының және «PARYZ» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының өкілдері кіреді.
Сессияның пленарлық отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат береді.
Сонымен қатар А.Сарбасов халықаралық ұйымдардың өкілдерімен, соның ішінде Халықаралық еңбек ұйымының (Ұйым) Бас директоры Жильбер Унгбомен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді.
Конференция шеңберінде Ұйым конвенцияларын имплементациялауға бағытталған «Лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі жол картасына» қол қою жоспарланған.
2024 жылғы 9-11 маусым аралығында Конго Республикасы Президентінің Стратегиялық мәселелер және халықаралық келіссөздер жөніндегі Жеке өкілі Франсуаза Жолидің Астанаға сапары өтуде.
Конго делегациясының сапары барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолдары қаралатын болады.
Астанаға сапар аясында мемлекет басшылығымен және бейінді министрліктермен кездесулер жоспарланған.
2024 жылғы 10-11 маусымда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың шақыруымен БРИКС-тің дамушы елдермен диалогының Министрлік сессиясына қатысу үшін Ресей Федерациясына сапармен барады.
Іс-шара Нижний Новгород қаласында «Әділетті жаһандық даму мен қауіпсіздік үшін көпжақтықты нығайту» тақырыбымен өтеді.
Сессияға БРИКС-қа мүше елдері – Ресей, Бразилия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Эфиопия сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, сондай-ақ шақырылған елдер – Алжир, Бангладеш, Бахрейн, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Индонезия, Куба, Лаос, Мавритания, Нигерия, Таиланд, Түркия және Шри-Ланканың сыртқы істер министрлері де қатысады.
Министрлік сессиясы аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді.
БРИКС (BRICS – Brazil, Russia, India, China, South Africa) – 2006 жылы маусымда Санкт-Петербург экономикалық форумы аясында құрылған Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка саяси-экономикалық альянсы. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мысыр, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Эфиопия бірлестіктің жаңа мүшелері болды.
Әр мемлекет бірлестіктің мүшесі бір жыл бойы төраға қызметін атқарады. Биылғы жылы БРИКС төрағалығы Ресей Федерациясына өтті. 16-шы Саммит 2024 жылғы 22 қазанда Қазан қаласында өтеді.
Қазақстан Республикасы БРИКС+ форматындағы саммиттердің тұрақты қатысушысы. Осылайша, еліміз 2015, 2022 және 2023 жылдары өткен Саммиттерге қатысты.
2024 жылғы 10-12 маусым аралығында «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі «Достық – дипломатия» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының алаңында біліктілікті арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген 14 дипломат үшін оқу курстарын ұйымдастырады.
Бағдарламаға орнықты даму, даму мақсаттарына ресми көмекте мемлекеттік органдардың рөлі, Орталық Азияда Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру кезіндегі міндеттердің өзара байланысы, су сын-қатерлерін шешу және өңірлік ынтымақтастықтың перспективалары бойынша курстар кіреді. Халықаралық Аралды құтқару қоры мен экономикалық зерттеулер институтының спикерлері білімдерімен бөліседі.
Бағдарлама өз елдерінің саясатына белсенді қатысатын орта және жоғары буын дипломаттарына арналған. Оқыту KazAID грантының арқасында өтеусіз негізде ұсынылады.
2024 жылғы 10-13 маусымда Душанбе қаласында (Тәжікстан) Душанбе су процесі шеңберінде 2018-2028 жылдарға арналған «Су тұрақты даму үшін» халықаралық іс-қимыл онжылдығы бойынша жоғары деңгейдегі үшінші халықаралық конференциясы өтеді.
Іс-шараның мақсаты Біріккен Ұлттар Ұйымының су ресурстары жөніндегі Конференциясы – су күн тәртібінде тіркелген ерікті міндеттемелерді қадағалау, ілгерілету және жүзеге асыруды қолдау, сондай-ақ жаңа әріптестік қатынастарды ынталандыру және 2030 жылға дейінгі кезеңге тұрақты даму саласындағы күн тәртібінің мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдарды жеделдету үшін – платформаны қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, Конференцияға әлемнің 50-ден астам мемлекеттердің, үкіметтердің және бейінді министрліктердің басшылары қатысады деп күтілуде.
Сыртқы істер, су ресурстары және ирригация, энергетика, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдері құрамындағы Қазақстан делегациясын Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.
2024 жылғы 11-12 маусымда қазақстандық делегация ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өтетін Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер Бас Ассамблеясының оныншы сессиясына қатысады.
Іс-шара шеңберінде Конвенцияның 18-бабының қолдану, Жедел директиваларға түзетулер енгізу, Материалдық емес мәдени мұра қорының қаражатын пайдалану және үкіметтік емес ұйымдарды аккредиттеу мәселесі талқыланады, сондай-ақ Комитеттің жаңа мүшелерін сайлауы өтеді.
2024 жылғы 11-15 маусым аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) Еуропа үшін Директоры және Өңірлік өкілі Арнольд Крайльхубердің Қазақстанға сапары өтеді.
Сапар барысында ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зульфия Сүлейменовамен, Алматы қаласында орналасқан БҰҰ агенттіктерінің өкілдерімен кездесулер өткізеді.
Астанада экологиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында А.Крайльхуберді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Халықаралық Аралды қорғау қорының Атқарушы комитетінің Төрағасы Асхат Оразбай қабылдайды.
2024 жылғы 12-14 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Арнайы өкілі – БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатия бойынша Өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзенің Қазақстанға сапары өтеді.
Сапар барысында Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен өтетін 7-ші Орталық Азия сарапшылар форумына қатысады.
2024 жылғы 7 маусымда Нью-Йорк қаласында (АҚШ) Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі Конвенциясына қатысушы мемлекеттердің 23-ші кеңесі шеңберінде БҰҰ штаб-пәтерінде 2025-2028 жылдарға арналған әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі комитет (CEDAW) мүшелерінің сайлауы өтті.
Алғаш рет Қазақстаннан кандидат – белгілі қазақстандық дипломат Мәдина Жарбосынова аталған комитеттің құрамына сайланды. Бұл маңызды тарихи сәт, себебі бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының осы маңызды органында Орталық Азия елдерінің бірі де ұсынылмаған.
2024 жылғы 3-4 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтетіні мәлім.
Аталған Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерінің кең ауқымын қарастырады.
Іс-шараға бақылаушы елдер көшбасшылары мен диалог бойынша серіктестер қатысады деп күтілуде.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі аталған ірі іс-шараға аккредитацияны ашуда. Толық ақпарат біздің ресми ресурстарымызда жарияланады.