Мазмұны:
Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Әзербайжан мен Арменияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоянның арасындағы келіссөздер Алматыда 2024 жылғы 10 мамырда өтеді.
Бүгін, 2024 жылғы 6 мамырда Будапешт қаласында (Мажарстан) Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі мемлекеттік хатшысының орынбасары Адам Штифтердің төрағалығымен Қазақстан-Мажарстан саяси консультацияларының кезекті раунды өтеді.
Тараптар өзара сауданы кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, білім беру және т.б. мәселелерді талқылауға ниетті.
Сонымен қатар, тараптар Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапары барысында және Қазақстан-Мажарстан стратегиялық кеңесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін, сондай-ақ екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін қарастырады.
2024 жылғы 6-10 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың Уругвай мен Бразилияға сапары өтеді.
Уругвайға сапар аясында сімаралық саяси консультациялардың бірінші раундын өткізу, Монтевидеода Қазақстанның Құрметті консулдығын ашу және Астана мен Монтевидео арасындағы саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Уругвай Парламентінің Сенаты мен Өкілдер Палатасының депутаттарымен кездесу жоспарлануда.
Сонымен қатар, Қ. Омаров Уругвайдың бизнес-топтарының өкілдерімен дөңгелек үстел жұмысына қатысады, Латын Америкасы Энергетика ұйымының (OLADE) және Латын Америкасы Интеграция қауымдастығының (ALADI) басшылығымен кездесулер өткізеді.
Бразилияда сімаралық саяси консультациялардың алтыншы раунды, сенаторлармен кездесу, Бразилия мемлекеттік ауылшаруашылық зерттеулер корпорациясының (Embrapa), Бразилияның халықаралық даму агенттігінің (ABC), сондай-ақ Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының (CNI) басшылығымен кездесулер қарастырылған.
Сапар барысында Қазақстанның Бразилиядағы құрметті консулдарымен кездесулер және Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен интеграцияға арналған Бразилия СІМ Дипломатиялық академиясында дөңгелек үстелге қатысуы жоспарланған.
Сапар қорытындысы бойынша саяси және сауда-инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған өңір елдерімен жаңа уағдаластықтарға қол жеткізу күтілуде.
2023 жылғы 21 тамызда Ханой қаласында (Вьетнам) қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім 2024 жылғы 25 мамырдан бастап күшіне енеді.
Келісім екі елдің азаматтары – ұлттық паспорттардың иелері үшін визалық талаптардың күшін жоюды көздейді. Екі елдің азаматтары Қазақстан немесе Вьетнамға кірген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн, ал 6 айдың ішінде жалпы алғанда 90 күнтізбелік күн бола алады.
2024 жылғы 9-11 мамыр аралығында Мадрид қаласында (Испания) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева Испанияның Патшайымы Летицияның қамқорлығымен ұйымдастырылған жыл сайынғы Жаһандық әйелдер саммитіне қатысады.
Аталған саммит – мемлекеттік, жеке және коммерциялық емес ұйымдардың әйелдер мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған алаң.
Іс-шара барысында әлемнің түкпір-түкпірінен келетін әйел көшбасшылары әзірлеген шешімдері мен стратегиялармен бөлісу арқылы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылау жоспарлануда.
Сапар аясында Н. Нұрбаева «Әйелдер: болашақ экономикасын жандандыру» тақырыбындағы министрлер деңгейіндегі дөңгелек үстелге қатысып, Қазақстанның гендерлік саясаттағы елеулі жетістіктерін және Қазақстан Үкіметінің, «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының және қазақстандық әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен күш-жігері туралы ақпаратты ұсынады.