Қазақстан Азия даму банкімен ынтымақтастықты жалғастыруда

Қазақстан Азия даму банкімен ынтымақтастықты жалғастыруда

Астана, 2024 жылғы 29 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров жаңа тағайындалған Азия даму банкінің (АДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілдігінің директоры Утсав Кумарды қабылдады.

Кездесуде АДБ-нің еліміздегі қызметінің болашағы, сондай-ақ Банктің 2023-2027 жылдарға арналған ҚР-дағы серіктестік стратегиясы аясындағы ынтымақтастықтың басымдықтары талқыланды. Құжатқа климаттың өзгеруімен күрес және декарбонизацияны қолдау, инклюзивті экономикалық өсімді ілгерілету, басқару жүйесін нығайту және әлеуетті дамыту кіреді.

Қ.Омаров АДБ-мен табысты және өзара тиімді ынтымақтастықтың 30 жылдығын атап өтті, оның нәтижесінде 6,8 млрд АҚШ доллары көлемінде қарыздар, гранттар мен техникалық көмек түрінде ҚР-ға инвестициялар тартылды. Сондай-ақ, ҚР дипломаты елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыру және су тасқыны салдарын еңсеру бойынша қазіргі уақытта Үкіметтің жүргізіп жатқан шаралары туралы хабарлап, мемлекеттің ұлттық мақсаттар мен даму стратегияларын іске асырудағы шешімін атап өтті.

АДБ өкілі еліміздің қарқынды дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесетін ҚР Президенті жариялаған реформалардың маңыздылығын атап өтті. АДБ-нің Елдік стратегиясы аясында Қазақстанда жеке секторды дамыту, гендерлік теңдікті ілгерілету, өңірлік ынтымақтастық пен интеграцияны нығайту және әртараптандыру сияқты өтпелі бағыттар бойынша да қолдауды жалғастыратынын хабарлады.

Кездесу нәтижесі бойынша тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша өзара әрекеттесуді жалғастыруға уағдаласты.

Утсав Кумар 1977 жылғы 22 сәуірде туған, Үндістан Республикасының азаматы. Экономика саласында докторлық және магистрлік дәрежелеріне ие. 2009 жылдан бері Азия даму банкінде жұмыс істейді. У.Кумар Қазақстанға тағайындалуына дейін АДБ-нің Шри-Ланкадағы өкілдігі директорының орынбасары қызметін атқарған.