Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 29 сәуір

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 29 сәуір

Мазмұны:

  1. Түркі мемлекеттері ұйымының Аға лауазымды тұлғалары комитетінің 43-ші отырысы туралы;
  2. Орталық Азия елдері және Әзербайжанмен Араб экономикалық ынтымақтастық форумының 3-ші сессиясы туралы;
  3. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының отырысы туралы;
  4. Халықаралық қаржы корпорациясының өңірлік вице-президентінің Қазақстанға сапары туралы;
  5. Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің 1-ші отырысы туралы;
  6. Тбилисидегі Азия даму банкінің 57-ші жиналысы туралы;
  7. 3-ші Ташкент халықаралық инвестициялық форумы туралы;
  8. Ислам ынтымақтастық ұйымының 15-ші саммиті туралы.

 

  1. Түркі мемлекеттері ұйымының Аға лауазымды тұлғалары комитетінің 43-ші отырысы туралы

2024 жылғы 29-30 сәуірде Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының (Ұйым) Аға лауазымды тұлғалары комитетінің кезекті 43-ші отырысы өтеді.

Кездесуде 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен Ұйымның 10-шы саммиті барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы, осы жазда Әзербайжанда жоспарланып отырған Ұйымның бейресми Саммиті және 2024 жылғы қазанда Қырғызстанда жоспарланып отырған Ұйымның кезекті 11-ші саммиті бойынша дайындық жұмыстары, сондай-ақ Ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша өзекті мәселелері қарастырылады.

 

  1. Орталық Азия елдері және Әзербайжанмен Араб экономикалық ынтымақтастық форумының 3-ші сессиясы туралы

2024 жылғы 29-30 сәуірде Доха қаласында (Қатар) Орталық Азия елдері және Әзербайжанмен Араб экономикалық ынтымақтастық форумының 3-ші сессиясы өтеді. Бұл іс-шараға Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қатысады.

Форум барысында тараптар саяси консультациялар өткізеді, экономикалық және мәдени-әлеуметтік салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды, сондай-ақ энергетика саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.

Форум қорытындысы бойынша «Сын-тегеуріндер мен ұмтылыстар арасындағы бірлескен ынтымақтастықтың перспективалары» атты Доха декларациясы қабылданады деп күтілуде.

 

  1. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының отырысы туралы

2024 жылғы 30 сәуірде Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің төрағалығымен өтетін ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясының жыл сайынғы отырысына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров қатысады.

Іс-шараға бейінді ведомстволардың, Ұлттық комиссия жанындағы Ұлттық комитеттердің, ЮНЕСКО орталықтары мен кафедраларының басшылары, сондай-ақ Алматыдағы ЮНЕСКО-ның Өңірлік кеңсесі қатысады. Іс-шараға қатысушылар соңғы жылдың жұмысының қорытындыларын талқылайды, сондай-ақ алдағы кезеңдегі жұмыстың басымдықтарын айқындайтын болады.

Айта кететін жайт, Қазақстан ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығының күн тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласындағы Ұлттық құрылтай барысында қалыптастырды және онда Мемлекет басшысы Қазақстанның ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетіне ағымдағы мүшелігін атап өтіп, еліміздің мәдени және табиғи нысандарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

 

  1. Халықаралық қаржы корпорациясының өңірлік вице-президентінің Қазақстанға сапары туралы

2024 жылғы 30 сәуірде Халықаралық қаржы корпорациясының (Корпорация – Дүниежүзілік банк тобының құрамына кіреді) Таяу Шығыс, Түркия, Орталық Азия, Ауғанстан және Пәкістан бойынша өңірлік вице-президенті Хела Шейхруху Қазақстанға жұмыс сапарымен келеді.

Х.Шейхруху Орталық Азия елдері бойынша өзінің сапары аясында, көлік және энергетика секторларындағы мәселелерді, оның ішінде мемлекеттік-жеке серіктестік тетігі арқылы, сондай-ақ экономиканы декарбонизациялау саласындағы әлеуетін дамытуды ел басшылығымен талқылау үшін кездесулер өткізеді.

Сапар мақсаты – Корпорация мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту және кеңейту.

 

  1. Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің 1-ші отырысы туралы

2024 жылғы 30 сәуірде Баку қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры (Қор) Кеңесінің 1-ші отырысы өтеді. Кеңес құрамына Қорға мүше елдердің мәдениет министрлері кіреді. Қазақстан делегациясын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барады.

Түркі мәдениеті және мұрасы қоры 2012 жылғы 23 тамызда құрылған және Түркі мемлекеттері ұйымының еншілес құрылымдық бөлімшесі. Қордың негізгі міндеттері – түрлі іс-шараларды, жобалар мен бағдарламаларды қолдау және қаржыландыру арқылы түркі мәдениеті мен мұрасын қорғау, зерделеу және ілгерілету.

Отырыс барысында Қордың ағымдағы қызметі бойынша мәселелер, сондай-ақ 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасы талқыланады.

Қордың мүшелері – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия. Қор хатшылығы Баку қаласында (Әзербайжан) орналасқан. Ұйымның 10-шы саммиті барысында Қордың президенті ретінде Қазақстан өкілі Ақтоты Райымқұлова тағайындалды.

 

  1. Тбилисидегі Азия даму банкінің 57-ші жиналысы туралы

2024 жылғы 2-5 мамыр аралығында Тбилиси қаласында Азия Даму Банкінің Басқарушылар кеңесінің «Болашаққа көпір» тақырыбында жыл сайынғы жиналысы өтеді. Қазақстан тарапы ҚР Қаржы вице-министрі – Банк Басқарушылар кеңесінің басқарушының орынбасары Дәурен Кенбеилдің қатысуы жоспарланған. Сапар аясында Азия даму банкінің басшылығымен бірқатар кездесулер өткізу көзделген.

 

  1. 3-ші Ташкент халықаралық инвестициялық форумы туралы

2024 жылғы 2-3 мамырда Өзбекстанда үшінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумы өтеді. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастап барады, СІМ-нен Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева қатысады деп жоспарлануда.

Бұл Форум бүкіл Орталық Азия өңірі үшін ауқымды диалог алаңы. Қазақ делегациясы форум аясында халықаралық қаржы институттары мен рейтингтік агенттіктердің басшылығымен, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің іскер топтары мен сарапшылар қауымдастығымен кездесулер жоспарлауда.

 

  1. Ислам ынтымақтастық ұйымының 15-ші саммиті туралы

2024 жылғы 4-5 мамырда Банжул қаласында (Гамбия) Ислам ынтымақтастық ұйымының (Ұйым) 15-ші саммиті өтеді. Бұл іс-шараға Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қатысады.

Іс-шара барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді, оның ішінде Таяу Шығыс бейбітшілік процесіне көмек көрсету, халықаралық терроризм мен исламофобияға қарсы күрес, кедейлікті жою және Ұйымға мүше елдерде тұрақты дамуды қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ Ұйымның одан әрі даму перспективаларын талқылауды жоспарлап отыр.