Таиландтың ірі компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі

Таиландтың ірі компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі

Бангкок, 2024 жылғы 23 сәуір – Бангкокқа ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу инвестициялық ынтымақтастық пен сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделі Таиландтың ірі компанияларының басшыларымен келіссөздер өткізді.

«Really Cool Airlines» әуекомпаниясының президенті Пати Сарасинмен кездесу барысында көлік байланыстарын әртараптандыру, атап айтқанда екі елдің астаналары арасында ғана емес, ірі қалаларды байланыстыратын да тікелей әуе рейстерін ашу мәселелері талқыланды. Бұл Қазақстан мен Таиланд арасындағы визасыз режим туралы келісімге қол қою тұрғысынан өзекті мәселелердің бірі.

Таиландтағы ең ірі ұн өнімдерін өндіруші «Thai President Foods» компаниясының басшысы Поджана Паниангвайтпен тағам өнеркәсібіндегі ынтымақтастық аспектілері талқыланды. Компания Қазақстанды өңірлік логистикалық хаб ретінде қарастырады және өз өнімдерін Қазақстан нарығына, Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жеткізуді көздеп отыр. Бұл ретте тай тарапы болашақта ҚР аумағында өз өндірісін ашу мүмкіндіктерін зерделеуге дайын.

Келіссөздер барысында «Sea Value» компаниясының Аға вице-президенті Чанинтр Чалисарапонг қазақстандық нарыққа инвестиция салу ниетін білдірді, атап айтқанда ҚР және Орталық Азияның басқа да елдеріне теңіз өнімдерін жеткізу үшін сауда-дистрибьюторлық орталық құруын қарастырып отыр.