Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 1 сәуір

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 1 сәуір

Мазмұны:

  1. Орталық Азияның мемлекеттік қызметшілерін цифрландыру саласында оқыту жөніндегі «Достық-цифрландыру» бағдарламасы туралы;
  2. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Армения үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысы туралы;
  3. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 19-шы кездесуі туралы;
  4. Әйелдер құқығын қорғау бойынша семинар өткізу туралы: халықаралық және еуропалық тәсілдер;
  5. 2021-2025 жылдарға арналған Орнықты даму мақсатында БҰҰ ынтымақтастығының негіздемелік бағдарламасы үйлестіру комитетінің отырысы туралы.

 

  1. Орталық Азияның мемлекеттік қызметшілерін цифрландыру саласында оқыту жөніндегі «Достық-цифрландыру» бағдарламасы туралы

2024 жылғы 1-5 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі Сингапур Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері үшін цифрлық дағдыларды дамыту бойынша «Достық-цифрландыру» бағдарламасын ұйымдастырады.

Қазақстан Республиканың Мемлекеттік басқару академиясы және Назарбаев Университеті алаңында 20 мемлекеттік қызметші цифрлық басқару және электрондық үкімет бойынша ағылшын тіліндегі курстарды, сараптамалық кездесулер мен мәдени бағдарламаны қамтитын оқытуға қатысады. Курс тыңдаушылары мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау мүмкіндіктерімен танысып, Қазақстан мен Сингапурдан келген әріптестерімен тәжірибе алмасады.

Спикерлер ретінде Назарбаев университетінің, Сингапур Мемлекеттік қызмет колледжінің профессорлары және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғам өкілдері шақырылды.

Аталған бағдарлама «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі грантының негізінде ұйымдастырылды.

 

  1. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Армения үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысы туралы

2024 жылғы 2 сәуірде бейнеконференцбайланыс (БКС) форматында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Армения үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысын өткізу жоспарлануда.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Армения Республикасының Вице-премьер-министрі Мгер Григорянның төрағалығымен өтеді.

Тараптар сауда-экономикалық саладағы, өнеркәсіп, геология және жер қойнауын пайдалану, ақпараттық-коммуникациялық және жоғары технологиялар, ғарыш қызметі, көлік және энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарайды. Оған қоса мәдени-гуманитарлық саладағы, қоршаған ортаны қорғау мен өңіраралық ынтымақтастықтағы, денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және шарттық-құқықтық базаны кеңейту мүмкіндіктері талқыланады.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттама қабылдау жоспарлануда.

 

  1. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 19-шы кездесуі туралы

2024 жылғы 2-3 сәуірде Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (Ұйым) мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 19-шы кездесуі өтеді.

Алдағы іс-шара Қазақстанның төрағалығымен өтеді және Ұйымға толыққанды мүше мемлекет ретінде алғаш рет Иран қатысады. Ұйымның бақылаушы мемлекеттері – Моңғолия мен Беларусь қонақ ретінде шақырылды.

Осы кездесу шеңберінде Ұйымның жауапкершілік аймағының өзекті халықаралық мәселелері бойынша, оның ішінде «үш зұлымдық күштеріне» (терроризм, сепаратизм, экстремизм), есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа бірлесе қарсы тұру және халықаралық ақпараттық қауіпсіздік бағыты бойынша ынтымақтастық, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты көпжақты бірлестіктер шеңберіндегі одан әрі әрекеттестік бойынша пікір алмасу жоспарлануда.

Іс-шараның қорытындысы бойынша Ұйымға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесу хаттамасына қол қою жоспарлануда, онда мүше мемлекеттердің өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша көпжақты әріптестікті одан әрі дамытуға ортақ көзқарастары көрсетілетін болады.

Алдағы кездесу тұтастай алғанда қауіпсіздік пен тұрақтылық саласындағы өңірлік әріптестікті қамтамасыз ету бойынша Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келеді және ШЫҰ шеңберіндегі Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығының деңгейін арттыруға, сондай-ақ өңірдегі негізгі әріптестермен сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы тығыз саяси диалогқа бағытталған.

 

  1. Әйелдер құқығын қорғау бойынша семинар өткізу туралы: халықаралық және еуропалық тәсілдер

2024 жылғы 3-4 сәуірде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Еуропа Кеңесімен және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесімен бірлесіп «Әйелдер құқығын қорғау: халықаралық және еуропалық тәсілдер» атты семинар өткізу жоспарланған.

Семинардың негізгі мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі Еуропа Кеңесінің механизмі мен әдіснамасы бойынша халықаралық тәсілдерді зерделеу және тәжірибе алмасу.

Семинарға сарапшылар ретінде Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі сарапшылар тобының өкілдері және Еуропа Кеңесінің консультанттары қатысады.

Семинар Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдары мен азаматтық қоғам өкілдері үшін ұйымдастырылады.

 

  1. 2021-2025 жылдарға арналған Орнықты даму мақсатында БҰҰ ынтымақтастығының негіздемелік бағдарламасы үйлестіру комитетінің отырысы туралы

2024 жылғы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сторидің тең төрағалығымен 2021-2025 жылдарға арналған БҰҰ Орнықты даму мақсатындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасының үйлестіру комитетінің (UNSDCF) кезекті отырысы өтеді.

Аталған іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік органдар мен ғылыми топтардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰ агенттіктерінің басшылары қатысады.

Орнықты дамудың 17 жаһандық мақсатын іске асыру бойынша және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық және саяси реформаларын ілгерілету бойынша бірлескен жұмыс мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.