Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 20 наурыз

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 20 наурыз

Мазмұны:

  1. Қазақстан Республикасы Көлік министрінің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары туралы;
  2. Қазақстан делегациясының Женевадағы Парламентаралық одақтың 148-ші Ассамблеясына қатысуы туралы;
  3. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Төрағасының Швейцария Конфедерациясына ресми сапары туралы;
  4. Кипр Республикасы Сыртқы істер министрінің Қазақстан Республикасына ресми сапары туралы;
  5. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Америка Құрама Штаттарына сапары туралы;
  6. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Қытай Халық Республикасына ресми сапары туралы;
  7. Қазақ күйлері әлем радиостанцияларында шырқалды.

 

1. Қазақстан Республикасы Көлік министрінің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары туралы

2024 жылғы 22-25 наурыз аралығында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаевтың Қытай Халық Республикасына (ҚХР), атап айтқанда Бейжің және Үрімші қалаларына жұмыс сапары өтеді.

Сапар аясында М. Қарабаев ҚХР көлік, сауда министрлерімен, сондай-ақ Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеттің, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығымен келіссөздер жүргізеді.

Көлік министрлігінің басшысы бірлескен жобалар мен бастамалар, сондай-ақ екі ел арасындағы көлік байланыстарының тиімділігін арттыру мәселелерін талқылайды.

 

2. Қазақстан делегациясының Женевадағы Парламентаралық одақтың 148-ші Ассамблеясына қатысуы туралы

2024 жылғы 23-24 наурызда Женева қаласында (Швейцария Конфедерациясы) Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған парламенттік делегация Парламентаралық одақтың 148-ші Ассамблеясына қатысады.

Ағымдағы сессия көпжақты парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған «Парламенттік дипломатия: бейбітшілік пен өзара түсіністікке көпір салу» жалпы тақырыбымен өтеді. Сессия қорытындысы бойынша қорытынды құжатты қабылдау жоспарлануда.

Сонымен қатар, іс-шара аясында парламентаралық ынтымақтастық және парламенттік дипломатияны дамыту мәселелерін талқылау үшін қазақ делегациясының бірқатар шетелдік парламент басшыларымен кездесулері қарастырылған.

 

3. Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі Төрағасының Швейцария Конфедерациясына ресми сапары туралы

2024 жылғы 25-26 наурызда Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың Швейцария Конфедерациясына ресми сапары жоспарлануда.

Мәжіліс төрағасының сапары барысында Швейцария Ұлттық кеңестің (парламенттің төменгі палатасы) Төрағасы Эрик Нузбаумермен және Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесулер жоспарланған.

Тараптар парламентаралық өзара іс-қимыл бағыттарын, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін талқылайды.

 

4. Кипр Республикасы Сыртқы істер министрінің Қазақстан Республикасына ресми сапары туралы

2024 жылғы 25 наурызда Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбостың Астанаға ресми сапары жоспарлануда.

Сапар аясында оның мемлекет басшылығымен, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен және Көлік министрлігінің басшылығымен кездесулері өтеді.

Сапардың мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау, сондай-ақ шарт-құқықтық базаны кеңейту.

 

5. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Америка Құрама Штаттарына сапары туралы

2024 жылғы 26 наурызда АҚШ тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барады.

Сапар аясында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен екіжақты келіссөздері, сондай-ақ АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесулері өтеді деп күтілуде.

Сапар барысында саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы қазақ-американдық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланады.

 

6. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Қытай Халық Республикасына ресми сапары туралы

2024 жылғы 29-30 наурызда қытай тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барады.

Сапардың мақсаты – қытай тарапымен екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын талқылау, жоғары және аса жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарау, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу.

Сапар аясында ҚХР Мемлекеттік Кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен, Сыртқы істер министрі Ван Имен екіжақты келіссөздер, сондай-ақ бірқатар ірі Қытай компанияларының басшыларымен кездесулер жоспарлануда.

Сонымен қатар, өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың мамыр айында екі мемлекет басшылары 2024 жылды Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы деп жариялады. Осыған орай, сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанның бас қонағы ретінде ҚХР-дағы Қазақстандық туризм жылының ресми ашылу рәсіміне қатысады.

 

7. Қазақ күйлері әлем радиостанцияларында шырқалды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысымен және де Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның шет елдердегі мекемелері мен шетелдік серіктестеріміздің қолдауымен алғаш рет әлемнің радиостанциялары Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, өз радио тыңдармандарына атақты қазақ күйлерін ұсынуда.

Құрманғазы атындағы оркестрдің орындауындағы күмбірлеген домбыраның әуезді үні 5 құрлықтың танымал радиостанцияларының эфирінде орындалып жатыр. Ұлы дала музыкасы көктем мерекесінің ғажайып атмосферасын қалыптастырып, бүкіл әлемге ізгіліктің шуақты нұрын шашты.

Күйлер Вьетнам, Таиланд, Малайзия, Индонезия, Үндістан, Оңтүстік Корея, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Иран, Эфиопия, Оңтүстік Африка Республикасы, Марокко, Түркия, Грузия, Болгария, Сербия, Хорватия, Литва, Латвия, Мажарстан, Польша, Испания, Бразилия және АҚШ елдерінің радиостанцияларында, жалпы 26 мемлекетте таратылды.