Астана, 2024 жылғы 14 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) Аға лауазымды тұлғалары комитетінің (АЛТК) кезекті отырысы өтті.
Отырыс барысында мүше мемлекеттер АӨСШК-ні халықаралық ұйымға трансформациялау Жол картасының жекелеген кластерлерін егжей-тегжейлі қарастырды. Атап айтқанда, Ә.Бақаев Кеңестің болашақ жарғысы бойынша қазақстандық төрағалықтың ұсыныстарын ұсынып, Рәсім ережелері мен АӨСШК қызметін реттейтін басқа да нормативтік құжаттарды жаңартуға қатысты көзқарасымен бөлісті.
Іс-шара қатысушылары мүше мемлекеттердің жетекші университеттерінің серіктестік желісін құру жөніндегі меморандум жобасын мақұлдап, Экология мәселелері жөніндегі министрлік конференциясының қорытынды құжаты мен Талдау орталықтары форумының 2024 жылға арналған іс-қимыл жоспарын талқылады. Сондай-ақ, АӨСШК мен БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (АТМЭӘК) арасында серіктестік орнату мақұлданды.
Сонымен қатар, тараптар АӨСШК шеңберінде ағымдағы жылға жоспарланған іс-шаралар, оның ішінде Экология мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі конференция мен Волонтерлік қозғалыс көшбасшыларының слеті бойынша пікір алмасты.
Отырыс нәтижесінде АЛТК Сыртқы істер министрлері кеңесіне 2024-2026 жж. АӨСШК төрағалығына Әзербайжан Республикасының кандидатурасы бойынша шешім қабылдауды ұсынды.